Кәсіпкер Бибінұр Шерәлиева: Қауіпті індеттің алдын алу үшін вакцина алдым

14.07.2021 01:42

Қоғам вакцинасыз бұл індеттен құтылу қиын болатынын түсінуі керек

Almaty.tv

Алматыда бір тәулікте 15 мыңнан аса адам екпе алды. Жалпы елде вакциналау науқаны басталғалы бері 600 мыңнан астам алматылық вакцина салдырған. Мегаполис вакцина алған тұрғындардың саны бойынша елімізде көш бастап тұр.  Айта кетейін, республика бойынша, вакциналардың II компонентін алғандардың саны 2 миллион 490 мыңнан асты. Ал халқы жаппай вакциналаудан өтіп жатқан өзге елдердің тәжірибесі қандай? Қаламызда індетке қарсы иммундау шарасы қалай жүріп жатыр? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай тарқатсын.

Әлеуметтік кәсіпкер Бибінұр Шерәлиева жалғызбасты және көпбалалы аналарды бизнестің негіздеріне үйретеді. Ол күн сайын елуге жуық адамды қабылдап, кеңес береді. Десе де, кәсіпкер өзінің және жақындарының денсаулығына қауіп төндірмеу үшін вакцина алыпты.

«Мен коронавируспен екі рет ауырдым. Күнделікті көп адаммен жұмыс істеймін. Қауіпті індеттің алдын алу үшін екпе алдым. Вакцина мемлекет көрсетіп жатқан үлкен көмек деп санаймын. Ол тегін әрі егу бекеттері қаланың барлық жерлерінде бар. Вакцина салдыру көптеген мүмкіндіктерге жол ашады»,– деді әлеуметтік кәсіпкер Бибінұр Шерәлиева.

Екпе алуда қоғамның белді азаматтары да белсенділік танытып жатыр.  Осы ретте алғашқылардың бірі болып сәуір айында қалалық қоғамдық кеңестің мүшелері екпе алған еді. Олардың айтуынша, вакцина коронавирусқа төтеп берудегі ең тиімді тәсіл.

«2 ай бұрын вакцина алдым. Құдайға шүкір, денсаулығым жақсы. Қоғам вакцинасыз бұл індеттен құтылу қиын болатынын түсінуі керек. Бүгін мынау Үндістанда болып жатқан жағдайды көріп жатырмыз. Мыңдаған адам ауырып жатыр. Сондықтан вакцина өте қажет деп ойлаймын», – деді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрлан Жазылбеков.

Ал тұрғындары белсенді түрде жаппай екпе салдырып жатқан бірқатар мемлекетте карантиндік шектеулер жеңілдеп жатыр. Мәселен, 47 миллион халқы бар Испанияның шамамен 59 пайызы вакцина алған. Айта кетейін, елде былтыр мамыр айында қатаң карантин режимін сақтау, оның ішінде маска тағу міндеттелген еді. Енді испандықтар ғимараттан тыс жерлерде кең тыныстай алады.

«Біздің корольдік Жарлықты мақұлдадық. Оған сәйкес, енді ашық жерлерде бетперде тағу міндетті емес. Бұл өте маңызды шешімді сіздермен және осы елдің азаматтарымен бөліскім келеді. Енді елдің басым бөлігінде бетперде тақпауға рұқсат», – деді Испанияның денсаулық сақтау министрі Каролина Дариас.

Бүгінде Алматыда екпе пунктері емханалар, мектептер, сауда орындары, мәдениет және спорт нысандарында, тіпті базарларда ашылған. Қазір шаһар бойынша жалпы 212 пункт таңғы сағат 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін демалыссыз жұмыс істеп тұр.

Сымбат Ноғай, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы