Алматылық кәсіпкерлер иммундау жұмыстарына белсене қатысып жатыр

11.08.2021 02:38

Адам көп шоғырланған жерлерде вирустың таралу қауіпі жоғары

Almaty.tv

Коронавирус вакцинасы адамды аурудан толықтай қорғай алмайды, бірақ дертті жеңілдетеді. Қаланың жоғары санатты дәрігері Наталья Рахальская осылай дейді. Екпеден кейін қайта ауруға шалдығу қаупі, әсіресе, 60 жастан асқан егде адамдар мен қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндер арасында жиі тіркеледі екен. Сол себепті вакцинадан кейін еркінсімей, бетперде мен санитарлық талапты сақтау аса маңызды дейді дәрігерлер.  Almaty.tv тілшісінің сюжетінде. 

Алматыда қызмет көрсету саласындағы мамандарды иммундау жұмыстары бірінші кезекте. Себебі адам көп шоғырланған жерлерде вирустың таралу қауіпі жоғары. Статистика бойынша, мегаполисте індет жұқтырғандардың 17,7 пайызын қоғамдық тамақтану орындары мен кәсіпкерлік нысандары құрап отыр. Республикалық рестараторлар қауымдастығының мәліметінше, бүгінде қызметкерлердің 80 пайызы екпе алып үлгерген.    

«Біздің компаниямыз өте үлкен, соған орай қызметкерлеріміз де көп. Ұжым арасында вакцинаның маңыздылығына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Қазір қоғам арасында антиваксерлердің түрлі пікір таратуының кесірінен ел екіұдай ойда жүр. Олардың болжамдары дәлелденбеген. Сондықтан сенудің қажеті жоқ деп есептеймін», – деді Hyundai Trans Kazakhstan зауытының директоры Максим Тарасов.

Қаладағы ірі жүк көліктерін құрастырып шығаратын зауытта 200-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Қазір олардың 92 пайызы екпе алған. Еліміздегі көлік-логистика саласына серпін беріп келе жатқан бірегей компанияның жұмысы карантин кезінде де тұралаған жоқ. Себебі қазіргідей сын-сағатта ең қажетті деген жедел-жәрдем көліктерін нарыққа шығарумен де айналысты.    

«Қазір қалада эпид ахуалдың өршіп тұрғанын білесіздер. Бұл жоғары көрсеткіштер жалғаса берсе, ұлттық локдауынға әкелуі әбден мүмкін. Жағдайды тұрақталсын десек, қала тұрғындары екпе алу жұмыстарына белсене қатысуымыз керек», – деді Hyundai Trans Almaty зауытының директоры Әділбек Гаев.
Рула Райм – қаладағы интернет дүкенінің басшысы. Компаниясында 200-ден астам сату менеджері жұмыс істейді екен. Қазір қызметкерлерінің 90 пайызы екпе алған. Олар тұтынушылармен тығыз байланыста болатындықтан, вакцинаның маңыздылығын бірінші болып түсіндік дейді.

«Біздің қызметкерлеріміздің көпшілігі кассада отырады және үйге дейін жеткізіп беру қызметімен айналысады. Олар ең бірінші болып екпе алды. Қазір осының әсерінен жұмысымыз тұрақты жүріп тұр деп айта аламын. Вакцина алғандардың ішінде өзім де бармын. Көпшілікке айтарым да сол: уақытылы екпе алсақ, үлкен қауіптің алдын-ала аламыз деп ойлаймын», – деді кәсіпкер Рула Райм.

Ауру атанды да шөктірер деген. Осыдан 50 жыл бұрын әлем жұртын дендеген дифтерия, көкжөтел, қызылша сынды аурулар екпемен ауыздықталған. Бүгінде ол инфекцияның талшығы да қалмаған. Мұның бәрі көпшілікті сол кездегі иммундау жұмыстарының қарқынды жүргізілгенінінен дейді дәрігерлер.

Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» арнасы