Алматыда 60 жастан асқан 35 мыңға жуық тұрғын вакцина алған

almaty.tv
almaty.tv
Түрксіб ауданы бойынша жаппай вакциналау науқаны басталғалы 10 мыңға жуық адам екпе алған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда екпе салғызам деушіге 4 түрлі вакцина ұсынылады. Бұл қала тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік. Осылай деген қоғам белсендісі Марат Шибұтов халықты жаппай вакцина алуға шақырды. Шаһарда осы күнге дейін 340 мыңнан астам адам коронавирус екпесін алыпты. Оның 35 мыңға жуығы алпысты алқымдағандар, деп хабарлайды Almaty.tv.

Түрксіб ауданы бойынша жаппай вакциналау науқаны басталғалы 10 мыңға жуық адам екпе алған. Енді халыққа жақынырақ болу үшін емхана аудандағы көрікті орындардың бірінде вакциналау нүктесін ашып, түрлі ұтыс ойындар ұйымдастырып жатыр. Ақшалай сый арқылы тұрғындарды ынталандырғызымыз келді, дейді дәрігерлер.  

«Тек қана өз өмірін сақтап қалу үшін екпе алу ғана емес, сонымен қатар, ұтыс ойыны арқылы қызықтырып дегендей. Бүгін Түрксіб ауданының әкімдігінің көмегімен осындай шара ұйымдастырылып жатыр. Тұрғындарға қызық болады деп ойлаймын», – деді  №9 қалалық емхананың эпидемиолог-дәрігері Сымбат Бигелдиева.

Аталмыш акцияға Алматы көпір құрылымдары зауыты қолдау білдірді. Осылайша коронавирус вакцинасының 1-компонентін салғызғандар бірден ұтыс ойынының қатысушысы атанды.

«Бұл акцияға біздің зауыт та қатысты. Түрксіб аудандық әкімдігі мен №9 қалалық емхананың бастамасын қолдап келіп тұрмыз. Әрбір қала тұрғыны өз еркімен келіп вакцина салғызу керек деген ойлаймын. Екпе салғызудың үлкен жауапкершілік екенін әрбір алматылық терең түсінуі керек», – деді «АКҚЗ» ЖШС өкілі Әлия Әбішева.

Бүгінде қала бойынша 340 мыңнан астам адам вакцина алған болса, олардың 35 мыңға жуығы 60 жастан асқан қарт кісілер. Екпе салғызуда, әсіресе, егде жастағылар белсенділік танытуда дегенді алға тартады мамандар.

«Бүгін «Спутник V» вакцинасын алуға бел будым. Өзімді жақсы сезініп отырмын. Дәрігерлер өз ісін мұқият орындап жатыр. Қазіргі эпидемиологиялық ахуалға байланысты айтарым – бірінші кезекте әр адам өз денсаулығы үшін, өз жақындары мен туыстарына қамқор болуы үшін екпе салғызу қажет. Егер де денсаулығы жарап тұрса, бәрін вакцина алуға шақырамын», – деді қала тұрғыны Ғалия Байғұтдинова.

Жуырда ғана Алматыға қытайлық «CoronaVac» вакцинасының 46 мың дозасы жеткізілгенін айта кетейін. Аталмыш егу пунктінде екпенің бұл түрі де бар. Осы ретте қоғам белсенділері де халықты жаппай вакцина салғызуға үндейді.  

«Алматыда 4 бірдей вакцинаның болуы бұл үлкен мүмкіндік емес пе?! Кей елдерде мүлде екпенің жоқтығынан өзге мемлекеттерге барып салғызып жатқан азаматтар бар, өйткені өздерінде олар жарты жалдап кезекте тұрады. Әр адам бұған асқан жауапкершілікпен қарауы керек. Сондықтан барлығын вакцина алуға шақырамын. Мамыражай тірлік салтанат құрсын деймін», – деді қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Марат Шибұтов.

Бүгінде қаланың медициналық ұйымдарында, мектептер мен мәдениет, спорт нысандарында, ірі сауда ойын-сауық орталықтарында 211 вакциналау пункті бар. Мегаполисте бүгінде вакцинаның I-компонентінің 40 699  дозасы, II-компонентінің 98 022 дозасы қалыпты.

Сая Меңдеке, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров