Қаржы мониторингі агенттігі ірі нысандардың құрылысына мониторинг жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі іnform.kz-ке сілтеме жасап.
Мәселен "Мемсараптама" РМК көмегімен Астананың энергия торабындағы апатқа қарсы автоматиканы модернизациялау жобасының құны 1,9 млрд теңгеге арзандатылды.
Мұнда жобаны әзірлеушілер электр шкафтарының бағасын негізсіз қымбаттатқан.
Тағы бір жағдайда Астанада құбыр бағасын өсіруге байланысты магистральдық айналма кәріз коллекторын салу құны 5,3 млрд теңгеге арзандатылды.
Петропавлдағы Солнечный кентінің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын салу кезінде электр қосалқы стансаларының құнын 4 есе арттыру фактісі анықталды.
Нәтижесінде 2,3 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделді.
Сондай-ақ қазіргі уақытта облыс әкімдіктерімен тағы 24 нысан бойынша мемлекет шығынын 13 млрд теңгеге төмендету бойынша жұмыс жүріп жатыр.
Мәселен, Қарағандыда өндірістік ағын мен жерүсті сарқынды суын тазартатын құрылыс жобасы бойынша жабдықтың тек үш түрінің ғана құны 541 млн теңгеге асырылды.
Жалпы алғанда, 8 жоба бойынша екі айдың ішінде бюджет шығыны 10 млрд теңгеге төмендеді.
Оқи отырыңыз: Жетісу ауданында жылу құбыры жарылды