Құжат жақын арада Мәжіліске тапсырылады
Қазақстанда тұрмыстық-зорлық зомбылық үшін жазалауды қатаңдататын заң жобасы дайын, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құжат жақын арада Мәжіліске тапсырылады. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай өзгерістерді қолдайтынын айтты. Президенттің сөзінше, бұл жерде алдын алу жұмыстарының маңызы – жедел әрекет ету және әділ жазасын беру ісінен кем емес.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Өздеріңізге мәлім, бұған дейін мұндай қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейтуді қолдайтынымды айтқан едім. Қылмыстық кодекске енгізілген тиісті түзетулер жақын арада қабылданады. Ішкі істер министрлігі өз қызметкерлерін жаңа жұмыс тәсіліне көшуге алдын ала дайындауы керек. Құқық қолдану тәжірибесіндегі бұған дейін болған барлық мәселені ескеру қажет. Бұдан бөлек кәмелетке толмаған азаматтардың құқығын қорғау жүйесін жаңғырту – өте өзекті мәселе. Үкімет азаматтық қоғам институттары мен сарапшыларды тарта отырып, бұл жұмысқа мұқият қарауы керек».
Мемлекет басшысы құқық бұзушыларды бақылау шараларын жаңартуды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы саладағы жұмыстар жергілікті жерлерде жүйесіз жүргізіліп жатқанын айтты. Яғни қауіпті топтарға жататын азаматтардың басым бөлігі назардан тыс қалып қояды. Ал кейбір алдын алу шаралары шектеу-мәжбүрлеуден әрі аспайды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Құқық бұзушылықтың алдын алу саласында бірыңғай заң әзірлейтін уақыт жетті. Заң жобасында профилактикадан өтетін азаматтар тізімін толықтай қайта қараған жөн. Жауапты органдардың құзыреттерін, үйлестіру тетіктерін, жеке профилактика құралдарын нақтылау қажет».
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысын өткізді