Тексеріс күшейді: жасөспірімдердің жиі суицид жасауына не себеп

14.02.2025 20:51

Былтыр кәмелетке толмаған 175 бала өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмған

Елде былтыр кәмелетке толмаған 175 бала өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмған. Тағы 453 жасөспірім суицид жасамақ болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Соңғы үлгідегі гаджет, қымбат компьютер, ғаламторға шексіз қолжетімділік. Перзентінің тыныш, көңілі тоқ болуы үшін қазір ата-ана баладан ешнәрсе аямайды. Алайда осы құрылғылардың арқасында жасөспірімнің виртуалды әлемге еніп кету қаупі барын көбі біле бермейді. Оған мән беріп жатқан ата-ана кемде-кем. Бұны байқап, тексеру үшін прокуратура және ювеналды полиция қызметкерлерімен түнгі компютерлік клубтарға бас сұқтық.

"Менің 4 балам бар, далаға шығармаймын. Телефондарын үнемі тексеріп, қадағалап, қарап тұрамыз. 100 пайыз болмаса да, 70-80 пайыз телефонға тәуелді болып қалды ғой", – деді қала тұрғыны Балжан Әділғазы

"Компьютерлік клубтарда кәмелетке толмаған балалар анықталса, клубтың иесіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 132-бабының 1-тармағына сәйкес хаттама толтырылады. Айыппұл мөлшері 10 айлық есептік көрсеткішке сай 39320 теңге. Ал жасөспірімнің ата-анасына кодекстің 441-бабы 1-тармағына сәйкес, 3 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынады", – деді Наурызбай аудандық Полиция басқармасы кәмелетке толмағандар жөніндегі учаскелік инспекторы Нұрболсын Шүненбаев.

Бөлме іші қараңғы, тек мониторлардың жарығынан әлдекімдердің көлеңкесі көрінеді. Жасөспірімдер мен ересектер экранға қадалып, ойынға берілген. Бірі жеңілгеніне ашуланып жатса, енді бірі құлаққаптың арғы жағындағы виртуалды серіктерімен бәстесіп әлек. Психолог мамандардың айтуынша, зорлық-зомбылыққа толы видео, атыс-шабыс, агрессия мен шектен тыс жарысқа негізделген ойындар баланың мінез-құлқына теріс ықпал етіп, оны қатыгездікке, шыдамсыздыққа итермелеуі ықтимал.

"Рейд барысында 10-ға жуық құқық бұзылғаны анықталды, ол жастармен профилактикалық жұмыс жүргізілуде және компютерлік клубтардың иелеріне хаттама толтырылып жатыр", – деді белсенді Тауасар Мұратханұлы.

Ойсыз ойын шынайы өмір мен виртуалды әлемнің арасындағы шекараны жойып, баланы шындықты қабылдаудан алыстатады. Осы мәселенің анық-қанығына жету үшін мамандар материалдарды сараптап, 2 айға жуық зерттеу жасаған. 3000-ға жуық жасөспірім арнайы сауалнама, психо-физикалық сынақтан өтіп, нәтижесінде оның 90 пайызы қауіпті аймақта екені анықталған.

"Шындықтан алшақтап, виртуалды әлемге еніп, ненің рас, ненің жалған екенін ажырата алмайтын деңгейге жетуі мүмкін. Баланың когнитивті қабілеттері төмендеп, жауыздық, агрессия басым болады. Біз біршама аниме, ойын, мессенджерге зерттеу жасап, прокуратураның сұранысы бойынша қауіптілерінің тізімін шығардық", – деді Алматы облысы Бала құқтықтары жөніндегі уәкіл Айгүл Есімбекова.

Статистика бойынша өз-өзіне қол салған балалар жасы едәуір төмендеген. Прокуратура өкілдері мәлім еткендей, жасөспірімдердің суицидке баруына онлайн ойындар түрткі болады. Нақтырақ айтқанда, жеткіншектің миын улау үшін түрлі қауіпті тапсырмалар беріледі. Соңғы мәліметтерге сай, былтыр өз-өзіне қол жұмсауды насихаттайтын материалдарды тарату бойынша 22 жағдай анықталып, олардың 19-ы жойылды. Зорлық-зомбылыққа шақыратын 56 интернет-ресурс бұғатталып, 101 материал бойынша ескерту жасалыпты. Бұл тек қолда бар ресми дерек.

"Өзіне қол жұмсайтын балалардың жасы айтарлықтай жасарып отыр. Ол балалардың мобильді және компьютерлі ойындарды шектен тыс ойнайды. Ата-анасы қадағаламайды, баланың не істеп жатқанын білмейді. Сол себептен ата-аналар, мемлекеттік органдар балалардың қандай ойын ойнайтынын қадағалау  керек екенін айтып жатырмыз", – деді Наурызбай ауданы прокурорының орынбасары Қанат Күнғожинов.

Құзырлы органдар ата-аналарға балаларының ғаламторда немен айналысып, ұялы телефондарында қандай ойындарға әуестеніп жүргенін қадағалап, кибер қауіпсіздігіне баса назар аударуға кеңес беріп отыр. Ал түнгі уақытта компьютерлік клубтардың жұмысын бақылау үшін қаланың белсенді жастары мен полиция қызметкерлері рейдтерге шығады.

Әйкерім Пернебек, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Алматыда Медеу ауданындағы №30 мектепте жаңғырту жұмысы басталады