Халықаралық жиын: Алматыда дінтанушы ғалымдар мен философтар бас қосты

16.11.2021 20:38

Философия ғылымдарының докторы Мұханмадияр Орынбековтың 75 жылдығына орай ғылыми конференция өтті

Almaty.tv

Дінтанудағы қазіргі заман тенденциялары және оның даму жолы. Бүгін еліміздің білікті философтары мен дін саласындағы мамандар осы тақырыптарды кеңінен талқылау үшін ғылыми конференцияда бас қосты. Философия ғылымдарының докторы Мұханмадияр Орынбековтың 75 жылдығы мен Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өткен халықаралық жиынға алыс-жақын шетелден келген делегаттар қонақ болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мұханмадияр Серікбекұлы – таным теориясы, қазақ философиясының тарихы мен Абайдың ғылыми мұрасы бағытында ғылыми ізденіс жұмыстарын жүргізген ғалым. Бүгінгі шараға жиналған қауымның бәрі де оның замандастары мен еңбек жолында бірге қызмет еткен әріптестері. Конференцияда қазіргі заманның жаһандық сын-қатерлері мен исламтану ғылымындағы білім берудің әдіснамалық және практикалық мәселелері талқыланды.  

«Қазақстандағы дінтанулық білім берудің, осы мамандықтың паспортын, стандарттарын жасап, алғашқы оқу құралдары мен түбегейлі ізденістердің бастауы болған – Мұханмадияр Серікбекұлы тұр», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев.

Ғалымның туған бауыры да қазір салмақты қызмет атқарады. Оның айтуынша, қазір дін мәселесіне республика төңірігінде көрсетіліп жатқан қолдау көп.   

«Ауылдық жерде имамдарды тиісті курстан өткізу мәселесі тегін, Үкімет тарапынан жүргізіледі. Сондай-ақ бүгінгі таңда жастардың ортасында осы салада оқимын деп талпынғандар үшін де медреселер ашылып жатыр», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Қазақтанда небәрі 68 мешіт бар еді. Қазір оның саны 2717-ге жетті. 9 үлкен медресе, Нұр-Мүбәрак университеті мен имамдардың біліктілігін арттыру орталықтары жұмыс істеп тұр. Нұр-Мүбәрак университеті тек елімізде ғана емес, ислам діні бойынша жоғары оқу орындарының арасында Орта Азияда үздік деп саналады.

«Биыл Қазақстанда ихсан жылы деп жарияладық. Илсам – шариғаттың заңдылықтары, кішіпейілділік, мейірімділік, рақымдылық», – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Кенжәлі қажы Қоңыратбайұлы.

Бүгінде азаматтардың Египет пен Түркияға барып білімдерін жетілдіруі, шалғай жатқан елдімекендердегі мешіт имамдарына жасалып жатқан жағдай, Дін істері басқармасы қабылдаған «Жусан» операциясы – еліміздің дін жолындағы ауыз толтырып айтатын жетістіктері. Кешенді жүргізілген «Жусан» операциясы нәтижесінде кезінде радикалды жат ағым жетегінде кеткен талай қазақ азаматтының отбасы мен бала-шағысы елге қайтарылды.

Ұлағат Арғын, «Алматы» телеарнасы