1993 жылы 12 қарашада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» жарлыққа қол қойды. Ал 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге айналымға енді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау сол күні таңғы сағат 8.00-де басталып, 20 қараша күні сағат кешкі 20.00-де аяқталды. Бұл қадам 1994 жылы гиперинфляцияны төмендетуге, 1995 жылы инфляциялық үдерісті тежеуге мүмкіндік берді.
«Егемендіктің алғашқы жылдарында Үкімет өрт сөндірушілер секілді жұмыс істеді. 16-18 сағат бойына экономиканы қайта реттеудің жолдарын іздедік. Себебі сол тұста дағдарыс болды, оның үстіне, ақша Ресейде басып шығарылатын. Сондықтан Қазақстан халқына алғыс айтамын. Қиын сәтте бір кісідей жұмылып, мұны да еңсердік», – деп еске алады 1991-1994 жылдары ҚР Премьер-министрі болған Сергей Терещенко.
Еліміз өз Тәуелсіздігін жариялаған сәттен-ақ нарықтық экономикаға бет бұрды. Алайда ішкі және сыртқы күштердің себебінен бұл істі бірден іске асыру мүмкін болмады. Сондықтан ұлттық жекешелендіру бағдарламасы қолға алынды. Ал ұлттық валютаның енгізілуі өз кезегінде дәл осы бастамаға серпіліс берді.
«Ең алдымен, сол сәттегі орынды шешімдер мен идеяларды атап өткен жөн. Елбасының бастамасымен еліміздің елдігін арттыруда маңызды қадамдар жасалды. Сол тұста бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, біріге жұмыс атқардық», – деді ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов.