«Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейіржан Отыншиев ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы Алматы қаласында қабылданып, жаңа тәуелсіз мемлекетіміз – Қазақстан Республикасының пайда болғаны туралы күллі әлемге жария етілді.
Елбасы «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында елдіктің қалыптасуындағы бастау бұлағы саналатын дәл Алматы қаласында мемлекеттік маңызды оқиғалардың бірнеше мәрте орын алғанын өзі де атап өтті. Мысалы, 10 желтоқсан Нұрсұлтан Назарбаев елдің алдында халық сайлаған Тұңғыш Президент ретінде ант берген күн. Сондай-ақ, сол күні осыдан дәл 30 жыл бұрын Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп қайта атау туралы шешім де Алматыда қабылданды. Бүгінде Алматы – Елбасы жеке өзі атаған «Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты құрметті атағын абыроймен көтеріп келе жатыр», – деді «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
Мейіржан Отыншиев Тәуелсіздік еліміздің рухын көтеріп, болашаққа деген сенімін нығайтты деп атап өтті.
«Ата-бабаларымыз салған жолдың тарихи тағылымы бізге игіліктің негізі – халықтың бірлігінде екенін айқын көрсетті. Тағдырдың жазуымен қазақ жеріне тамсанған түрлі ұлт пен дін өкілдерінің татулығын, келісімі мен достығын өз өркендеуіміздің алтын кілті ретінде таңдап, біз болашаққа сеніммен қадам бастық. Бұл Қазақстан халқын бұрын-соңды болмаған биіктерге көтерді.
Тәуелсіздік мерейтойы – еліміздің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген табыстарын зерделеп кемел келешекке жаңа бағдар түзетін кезеңдік оқиға. Аталған кезеңде тағдыршешті рөл атқарған бірден бір тұлға – біздің Ұлт Көшбасшымыз. Атадан қалған асыл сөз демекші, бұл мақалада Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өткенге көз жүгіртіп, өскелең ұрпаққа тарихымызды ұмытпауды ескертіп, санамызға жаңадан серпін берді», – деді Мейіржан Отыншиев.