Алматыда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай қалалық мәслихат депуттары 1986 жылы тәуелсіздікке ұмтылған қаһармандарымызбен кездесу өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жиында желтоқсаншылардың ұсыныс пікірлері тыңдалып, әлеуметтік мәселелері талқыланды. Айтылған ұсыныстар ескеріліп, ресми хаттама жасалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында да «Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігін жоспарлы түрде насихаттауды» тапсырған болатын.
«Өте маңызды, күрделі сұрақтар талқыладық. Жер мәселесі, баспана мәселесі, статус мәселесі бойынша әрбір сұрақты жазып, қарастыратын боламыз», – деді Алматы қаласы мәслихатының хатшысы Станислав Канкуров.
Айта кетейік, қазір қала әкімінің бастамасымен «Желтоқсан» ұйымдарымен бірлесе отырып, бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, «Almaty» телеарнасында Желтоқсан оқиғасына арналған деректі фильм түсірілуде. Осы қараша айында демеушілердің қолдауымен 50-ден астам адамға денсаулығын сауықтыру үшін қаладағы шипажайларға жолдама берілмек.
«Желтоқсан көтерілісі Тәуелсіздіктің хабаршысы болғандай. Жыл сайын осы бір мәселені назардан тыс қалдырмаймыз. Алматы қалалық мәслихатында жылда желтоқсаншылармен дәстүрлі кездесу өтеді. Бұл кездесуде осы кісілердің бар мұң-мұқтажын тыңдаймыз. Барлық мәселелерін тыңдаймыз. Құдайға шүкір жыл сайын сол жүз пайыз орындалмаса да, көптеген мәселелер шешімін тауып келе жатыр», – деді «Ана тілі» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай.