Қанат Бозымбаев мемлекет басшысынан сөгіс алды. Энергетика министрі жанар-жағармай нарығындағы тиісті бақылауды қамтамасыз етпегені және өзіне жүктелген міндеттерді орындамағаны үшін ақыры қатаң сынға ілікті. Есте болса, бұған дейін премьер-министр Энергетика вице-министрін де қызметінен босатқан еді. Парламент мәжілісі отырысында осы мәселе тағы да қаузалды. Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыровтың пікірі мұның барлығы Үкіметтің ұстанған саясатының салдарынан орын алды дегенге саяды.
«Біздің байқауымыз бойынша, еліміз отандық мұнай өңдеу саласын дамытудың бір жүйеге қойылмағандығының кесірінен жапа шегіп отырмыз. Ерекше айтып кеткім келетіні, 2014 жылы Президентіміз жаңа мұнай өңдеу зауытын салу қажеттігін айтқан болатын. Оған қарамастан, Үкіметтің шешімімен құрылысты бастаудың орнына, дайын зауыттарды жаңартудан өткізу мәселесі қолға алынды. Мұндай қателікті қалай жіберуге болады?!», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Айқын ҚОҢЫРОВ.
Ал депутат Азат Перуашев лауазымды тұлғаларды орнынан босатқаннан гөрі, қордаланған мәселені жүйелі шешкен дұрыс, дейді. Павел Казанцев болса, керісінше, жауаптылар өз ведомоствасына қатысты мәселелерге жауапкершілікпен қарау керектігін алға тартты.
«Бензин нарығында болған жағдайды - бензин дағдарысы деп айтсақ та болады. Ол кездейсоқ емес, ол жүйелі проблемалардың бірі. Яғни, қазір біз бір министрді алып тастап, оны орнына басқа министрді қойып, вице-министрді алып тастағанымен, өз өзімен бензин шықпайды. Аспаннан түспейді. Бұл жерде жүйелі проблеманы шешу керек», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Азат ПЕРУАШЕВ.
«Мен кадрлық мәселеле бойынша Үкімет басшысының шешімімен толықтай келісемін. Өйткені, жанар-жағармай нарығында жағдай қиындап барады. Нүктесін қоятын уақыт келген секілді. Ендігі кезек жауапты орындар тиісті шараларды атқарады деген сенімдемін. Өйткені бізге жағдай әлі түсініксіз», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты ПАвел КАЗАНЦЕВ.
¤Еске салайық, елімізде бензин тапшылығы қазан айының басында байқала бастаған еді. Энергетика министрлігі мұны Ресейден сатып алынатын жанармай бағасының өсуімен байланыстырды және жанар-жағармай бекеттері қажетті өнімді қоймаларында сақтап отыр деген еді. Бұдан бөлек, қараша айына қарай, ресейлік импортты 30 пайызға, ал желтоқсаны айында 20 пайызға төмендейтінін де жеткізген болатын.