Қазақстандық журналистер террористердің қолына түсті.
Тұтқындалған тілшілердің арасында біздің астаналық әріптестеріміз де бар. Шынтуайтында, олар сарбаздардың дайындығында жүр. Қарағанды облысындағы «Спаск» әскери оқу орталығына еліміздің әр аймағынан келдек қаламдарын серік еткен тілшілер ағылған еді. Олар қауіп төнген кезде, журналистердің қалай шалт қимылдау керектігін үйреніп жатыр. Тілшіміз Азамат Әуезхан қапыда тұтқынға түсіп, содырлардың қыспағына алынған екен. Қандай азап кешкенін өз аузынан естіп-білейік.
Алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Барлығы тез әрі аяқ-астынан болды. Жатақханадағы бөлмемізге түнгі уақытта, ескертпестен кіріп келген террористер, бізді әбден састырды. Алдымен аяқ-қолымызды матап, белгісіз жаққа көлікпен апарды. Кейін бізді сұрақтың астына алды. Тіпті, аздап қинады десек те болады.
Бір сәтке мен үшін бәрі шынайы болып көрінді. Ақыр соңында арнайы жасақ өкілдері бізді құтқарып алды. Осылайша, соғыс алаңында, қауіпті аймақтарда өзімізді қалай ұстау керектігін үйренгендей болдық.
Мұндай әскери дискурс тілшілер қауымы үшін өте керек дер едім. Осымен бесінші рет ұйымдастырылып отырған бұл оқу-жаттығу шаралары қазақстандық журналистерді қарулы қақтығыс аймағы мен экстремалды жағдайларда жұмыс жасауға, шұғыл әрекет етуге, дер кезінде ақпарат таратуға, лаңкестік актілерді жариялауға оқып үйрету үшін өткізіледі. Үш күн бойы Қарулы Күштердің тәжірибелі әскери нұсқаушылары теория және іс жүзінде журналистерді әскери іс-қимылдар ошағында, экстремалды жағдайларда жұмыс жасауға және сапалы ақпараттық материалды қалай дайындау керек екендігі туралы үйретеді. Бұл жолы семинарда қалалық жағдайларда, жаппай іс-шаралар мен акцияларда жауынгерлік іс-қимылдар барысында журналистердің практикалық
іс-қимылдары пысықталды.