Адамды адам еткен - еңбек. Десекте, елімізде өзін еңбекпен қамти алмай отырғандар саны азаяр емес. Бүгінде республика бойынша 320 мың жұмыссыз болса, 1,5 миллионға жуық азамат өздерін өнімсіз жұмыспен қамтып отыр екен. Ал еңбек заңнамасын жиі бұзатын кәсіпорын саны 200-ден асып жығылады. Нарықтағы қордаланған мәселелерді шешу үшін жауапты ведомоства Еңбек кодексінің жаңа моделін ұсынды.
¤Еңбек шарттары көлемінің артқанына қарамастан, бейресми келісімдер де кездесуде. Жауаптыларда осы мәселе алаңдаушылық туғызып отыр. Соңғы екі жылда еңбек инспекторлары жұмысшылардың қызметін еңбек шартынсыз пайдаланған бір мыңнан астам жұмыс берушіні анықтады. Бұл жағдай көбінесе біліктілігі төмен жұмысшыларға қатысты, яғни құрылыста, саудада, қоғамдық тамақтану орындарында, ауыл шаруашылығында және шағын бизнесте жұмыспен қамтылғандарға байланысты. Зейнетақылық жарнаны бөлмей жүрген, бірақ жұмыспен қамтылған бір миллионға тарта адам анықталды.
¤Министр Дүйсенова Еңбек кодексінің жаңа нормаларына сәйкес еңбекақы бойынша қарызды анықтау үшін арнайы бағдарламаның әзірленгенін мәлімдеді. Оны жергілікті басқару орындарына да жіберіп үлгеріпті. Қазіргі уақытта еңбекақы бойынша мерзімі өткен қарыз сомасы 1,2 миллиард теңгені құрап, оның 75 пайызы банкрот кәсіпорындар мен сауықтыру рәсімімен қамтылған ұйымдарға тиесілі екен.
«Ағымдағы жылдың 8 айында 17 жұмысшының алдындағы 2,2 миллиард теңге еңбекақы қарызы өтелді. Сонымен қатар, жұмысшыларды босатуды жоспарлаған 396 кәсіпорынның 5 мың қызметкерін жұмыстан шығару қадамына жол берілген жоқ. 100-ден астам жұмысшысы бар 250 кәсіпорын еңбек және әлеуметтік заңнаманы жиі бұзатын тәуекел тобына жатқызылды”, - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара ДҮЙСЕНОВА.
¤Ал бағбандар мен бала күтушілер мемелекет қазынасын толықтыруға септігін тигізуде. Жыл басынан бері олар бюджетке 6,5 миллиард теңге құйған. Бұл жерде мәселе шетелдік жұмысшылар жайында. Ведомствоның мәліметінше, елімізде 320 мың шетелдік нәпақасын айырып жүр екен. Жеке тұлғаның жалдауымен пайда тауып жүргендерге еліміздің Ішкі істер министрлігі патент бөледі. Бұрын оларға шектеу қойылмайтын. Енді кәсіби мамандар секілді олар да квота бойынша тартылмақ.
¤Жыл сайын мың жарымнан астам жұмысшы өндірісте жарақат алады. Ал 250-ге жуығы мерт болады. Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығының мәліметінше, соңғы бес жылда алғаш рет кәсіби аурулар 2600-ден астам адамда анықталған. Ал Еңбек кодексінің жаңа моделіне сәйкес, сала инспекторлары зиянды әрі қауіпті еңбек жағдайындағы 150-ге жуық кәсіпорынды тексерген.