Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр
Сот отырысында Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов жәбірленуші ретінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, 3 қазан күні ол жұмыстан кейін дүкенге барып, көмектескен. Кешкі уақытта Дархан Әскентай келіп, сыра сұраған.
"Дархан келді. Екеуміздің арамызда ешқандай ұрыс-керіс болған жоқ. Тағы 1-2 жігіт келді. Сол аралықта Дархан сыра сұрады. Мен 23:00–ден кейін сыра сатпаймыз деп ескерттім. Өтініп қоймағаннан кейін бердім. Ол біреуге хабарласып, ақша аударды, оны WhatsApp-тан көрсетті. Ол Қалтаева деп көрсетті. Мен Светланадан түсті дедім. Ол өзі оны түсінген жоқ. Бірақ сол жерде есептесіп шығып кеткен. Ол мас болды, ішімдіктің иісі шығып тұрды. Сондықтан оны жібере салғым келді", — деді Қаржаубай Нұрымов.
Қаржаубай Нұрымов сауда жасалғаннан кейін баласы Шерзат келгенін атап өтті. Оның айтуынша, ол телефонын қуаттағышқа қойып, дүкенде оқуға кететін досын шығарып салу үшін қалған. Сол арада Д.Әскентай дүкенге қайта келген.
"Дархан қайта айналып кірді. Арамызда тағы да әңгіме болды, телефонын қуаттағышқа қойып бердім. Ол дөрекі сөйледі, бала естіп қалды. Сосын алдымен Дархан, оның артынан бала далаға шықты. Терезе ашық болатын, екеуінің дауыс көтеріп сөйлесіп жатқанын естіп, шығам дегенше бала ұрып жіберді. Екеуін ажыратып, балама ескерту жасадым. Дарханнан кешірім сұрадым. Мен сырттай танитынмын, біздің ауылда ағамның досы бар, бұл соның балдызы екен. «Жүр ауруханаға апарайын, еміңді жасайын, ақыңды төлейін, жездеңе хабарласайын» деп айттым. Ол «кешірмеймін, балаларды шақырамын, балаң жауап береді, денсаулығын қойып тастайды» деді", — деп еске алды жәбірленуші.
Оның айтуынша, Д.Әскентай дүкен артына кетіп, әлдебіреулерге телефон арқылы хабарласқан. Ал Қаржаубай Нұрымов інісі Нұрқанатты шақырған.
"Бірінші Нұрбол келді, ол мас екен. Көлікте жас жігіт болды. «Кім соқты» деген әңгімелер болды. Мен балаға ашуланбасын деп «мен ұрдым» дедім. Нұрбол «танымайсыңдар ма, мен Нұрболмын, хуторский» деп айтты. Сосын «Дархан жетім бала ғой, неге ұрасыңдар» деп ескертті. Біз шақырып алып, ұрған жоқпыз ғой. Түсіндіргеннен кейін үшеуі кеткен секілді болды. Бірақ 5-10 минутта қайта айналып келді. Төлем туралы сұрады, мен түсіндірдім. Нұрбол төлем жасады да, касса жаққа қарай өтіп кетті. Дөрекі сөйледі. Мен Нұрболға тиіскем жоқ, жаман сөйлегем жоқ. Дүкенде май кесетін пышақ болды. Соны далаға алып шығып Дарханға бардым. Ол Нұрболға дұрыс емес ақпарат беріп тұр ғой. Балам мен Нұрқанат ажыратып алды. «Кешірім сұрадық, не қалап тұрсың? Денсаулығын қойып тастайды деген не әңгіме» дедім. Сосын көліктен жас бала (Д.Ысқақ) келді, оған түсіндірдім, ол сау болды. Ол Нұрболға мән-жайды түсіндірді. Кеткен болды да, тағы айналып келді. Дүкеннің алдына тоқтаған көліктен 3 жігіт түсті, — деді Қаржаубай Нұрымов.
Айтуынша, сотталушылар кеткен сәтте Нұрқанат, Шерзат үшеуі дүкен ішінде сөйлескен. Нұрқанат Ғайыпбаев дүкенді жауып кетуге қарсы болған. Себебі сотталушылар үйлеріне барады деп күдіктенген. Осы оқиғалардан кейін «Қамажай» дүкеніне бірнеше көлік келіп, арты қайғылы оқиғаға ұласқан.
Еске салайық. Шерзаттың анасы оқиғанын қалай болғанын айтты
Судья отырысты Талдықорғаннан Алматыға көшіруден бас тартты
Нұрқанат Ғайыпбаевтың жанжал барысында қандай жарақат алғаны айтылды.
Шерзаттың әпкесі айыптау актісімен келіспейді