102 және 103 диспетчерлік қызметтері біріктірілмек

19.11.2018 16:39

ҚР Ішкі істер министрлігі жедел жауап беретін қызметтерді біріктірмек, деп хабарлайды Алтайньюс.

Бұл туралы  ҚР ІІМ техникалық қызмет бөлімі басшысының м.а. Тұрлыбек Ахметов Digital Arena 3 Форумында мәлім етті.

Оның айтуынша, Қазақстанда 102 мен 103 біріктіріліп, бірыңғай диспетчерлік қызмет құрылуы мүмкін екен. Мысалы, Америка мен Еуропада жедел шақыртулар бірыңғай қызмет ретінде жұмыс істейтіні белгілі. Қазақстанда неге мұндай қызмет жоқ деген сауал көптен бері көтеріліп келеді.

Әсіресе, ЭКСПО-2017 көрмесін өтізу барысында осыған байланысты қиындықтар туындаған көрінеді. Себебі, шетелден келген қонақтарға 101, 102, 103 қызметтерінің бағытын айтып, түсіндіру қиын болыпты.  Сондықтан бұл мәселе Үкімет деңгейінде көтеріліп, концепция жасауға тапсырма берілген екен.

Алдағы уақытта кез келген адам қай қызметке хабарласу керектігін ойланып жатпай, бірден бірыңғай 112 нөмірін теріп, диспетчерлік қызметке түседі. Ал ондағы диспетчерлер қажетті қызметке өздері жеткізіп, шақыртатын болады. Жалпы 112 – халыққа бұрыннан таныс, қолданыстағы нөмір. Алайда ол осы уақытқа дейін  тек апаттық-құтқару қызметі ретінде ғана қолданылып келген еді.

Аталмыш жаңалық пилоттық жоба түрінде қазір Қызылордада енгізіліп жатыр.