Прайм-таймда ұлттық фильмдер көрсетілсе, киноөндірушілер мен кинотетрлар салықтық жеңілдіктер алады. Бұл туралы ҚР Парламент Сенатында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында «Кинематография туралы» заң жобасы талқыланды.
«Қазақстан аумағына енген фильмдер қазақ тіліне дубляждалуы тиіс. Бұл норма осыған дейін декларативті сипатқа ие болып, тиісті деңгейде жұмыс істемеді. Енді бұл заңнама орындалуы үшін Кинематография туралы жаңа заң жобасында ел аумағына кірген фильмді қазақ тіліне аудару тұрғысында дубляждау, не субтитрлеу, не фильмдерге кадрдан тыс аударма жасау ескерілген. Яғни, бұл Қазақстан аумағына жеткізілген фильмдердің барлығы қазақша нұсқасымен болуы үшін жасалып отыр», - деді вице-министр комитеттің отырысынан кейін тілшілерге жауап бере отырып.
Оның сөзіне қарағанда, осы заң жобасы бойынша прайм-таймда қазақ тіліндегі фильмдердің көрсетілуін ынталандыруға қатысты норма енгізілген. Бұл ретте салықтық жеңілдіктер қамтылып отыр.
«Заң жобасы салық жеңілдіктерін қарастырады. Атап айтқанда, фильмдер өндірісі кезінде инвестор үшін киноөндіруші компанияларды қосымша құн салығынан босату ұсынылды. Сондай-ақ фильмдердің құқық иеленушілерін және прокаттау кинокомпанияларын, яғни ұлттық фильмдерді прокаттау кезінде кинотеатрларды корпоративтік табыс салығынан босату көзделіп отыр. Біз мұндай норма шетелдік картиналардың алдында олардың (ұлттық фильмдердің) кепілді артықшылығын қамтамасыз етеді деп ойлаймыз», - деді Ақтоты Райымқұлова.
Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған заң жобасын Парламент Мәділісінде талқылау барысында ҚР Мәдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы фильмдерді қазақ тіліне аударудың үш нұсқасын ұсынды.