Жол да жоқ, су да жоқ: Алматыда 5 жыл бұрын құбыр тартылған көше тұрғындары наразылық білдірді

Жол да жоқ, су да жоқ: Алматыда 5 жыл бұрын құбыр тартылған көше тұрғындары наразылық білдірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Шұрық-тесік жолдармен жүріп, қазылған арықтан аттап өтуге мәжбүрміз». Алатау ауданының «Ұлжан» ықшамауданында тұратын халық осылай деп арнамызға хабарласып, көмек сұрады. Айтуларынша, бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. «Қалада қараусыз қалдық» деген халық қолайсыздыққа тап болуын жер қазған компаниялар мен олардың жұмысын қадағаламаған жергілікті билікті кінәлап отыр.

Беті ашық құдық пен қазылған арыққа түсіп кеткен көліктер. Бұл ұлжандықтар үшін үйреншікті көрініс. Мұны мердігер мекеме келтірген кезекті кесір дейді аудан тұрғындары. Айтуларынша, бірнеше көшеге су және кәріз жүйесін тартқан компания жолды қалпына келтірмей кеткен.  

«Алатау ауданы бәрін қазып тастады. Орнын жаппады. Қоятын талабымыз осы. Жолды жөндеп, жақсылап орнын орнына қойып берсін!», – дейді тұрғын Қуатбек БАКАШОВ.  

«Міне, шыр-пыр етіп жазбаған хатымыз, бармаған жеріміз жоқ. Көшеміздің осылай ойлы-шұңқырлы болып жатқанына бес жыл болды. Дәл бір бомба түскендей. Көліктер осы шұңқырларды айналып өтеміз деп, адам қағып кетіп жатқан да жағдайлар бар», – дейді тағы бір тұрғын Рашид ҚҰЛМЫРЗАЕВ.  

Онсыз да тар, екі шеті «кемірілген» тас жолға сыймаған көліктер амалсыз қарсы жолға шығуға  немесе шұңқырға түсуге мәжбүр. Бірнеше жылдан бері қиындық көрген тұрғындар сол күйі орталық су құбыры желісіне де, кәріз жүйесіне де қосылмапты. Аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің жұмысы да тұтынушыларды қанағаттандырмайды. Қоқыс та күрделі мәселелердің бірі. Тазалық мекемелері тұрғындарға таласып, кезек-кезек теңге талап ететін көрінеді.  

«Біз екі жаққа төлеуге мәжбүрміз. «Қарлығаш» деген жеке кәсіпкерлікке бір төледік. Енді «Сапаров» деген ЖК сотқа беріп, екінші рет төлеттіріп жатыр. Олардан кейін енді үшінші компания пайда болып, олар да баға қойып жатыр. Бірақ қоқысты ешкім алып кетіп жатқан жоқ», – дейді Ербол ҮРКЕМБАЕВ. 

«Көршілер өз күшімізбен жасағанбыз. Одан кейін жылу құбырын жүргізді. Оны жүргізгелі де екі жыл болды. Бірақ оны да не қосқан жоқ,не ешкімге пайдалануға берген жоқ. №23 емханаға «Құрылысшы», «Заря восток» сияқты шағын аудандардан күніне қаншама халық келеді. «Шаңырақтан» да осы жерге келіп жатады. Бірақ мына тұсты айналып өту мүмкін емес. Ми батпақ болады да жатады», – деп шағынады Закария ШАЙМЕРДЕНОВ.

Ал аудан әкімшілігінің қызметкерлері «ұлжандықтар қанша ұрандаса да, тұрмыстық түйткілдер тек келер жылы шешіледі» деді.

«Толық 8 шақырым «Ұлжан-1» ықшамауданын қамтамасыз етеді. Ол жерде кешенді түрде жүзеге асырылған жаяу жүргіншілер жолы, көше жарығы, арық жүйесі бар. Тұрғындардың бәрін қамтамасыз етеді. Қазылған асфальтті қалпына келтіру бойынша да басқармаға ұсыныстар берілді. Келесі жылдың бюджетіне орташа жөндеу жұмыстары ретінде енгізілетін болады. Ол да қарастырылған», – деді Алматы қаласы Алатау ауданы Коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Ертіс БЕСІРОВ. 

Алатау ауданы Коммуналдық шаруашылық басқармасының дерегінше, соңғы жылдары «Ұлжан-1» және «Ұлжан-2» ықшамауданында 2 миллиард теңгеге 18 шақырымнан астам су, 26 шақырым кәріз құбыры тартылған. Ал қалтарыстағы көшелердің бәрі болмаса да, бірнешеуіне жуық арада жарықтандыру жұмыстары жүргізілмек.

Әмірболат Құсайынұлы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы  


Новости партнеров