Түркістан облысында жантүршігерлік апат: жылқының кесірінен 5 адам өлді

05.11.2018 23:23

Түркістан облысы Шардара ауданында жол-көлік оқиғасынан 5 адам қайтыс болды. 1 адам ауыр хәлде жан-сақтау бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

5 қарашада шамамен түнгі сағат 01:00 шамасында «МАЗ» жүк көлігі жолға жүгіріп шыққан жылқыны қағып, қарама-қарсы бағытта келе жатқан «Лексус» көлігіне соқтығысқан.

«Жол-көлік оқиғасы кезінде «Лексус» автокөлігінің жүргізушісі мен 4 жолаушысы көз жұмды. Қайтыс болғандардың үшеуі – Өзбекстан азаматы. Тағы бір жолаушы Ресей азаматы ауыр жарақатпен аудандық аурухананың жан сақтау бөліміне жеткізілді», — дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.

Оның мәліметінше, жол-көлік оқиғасына байланысты Қылмыстық Кодекстің 345-бабы («Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы») бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«МАЗ» жүк көлігінің жүргізушісі, Қызылорда облысының тұрғыны қамауға алынып, жол бойына шығып кеткен жылқының иесі іздестірілуде. Оқиға бойынша бірнеше сараптама тағайындалған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, полиция қызметкерлері оқиға орнында тексеру жұмыстарын жалғастыруда.