Алматы Индустриалды аймағында жыл аяғына дейін 9 компания іске қосылады. Қазір олардың құрылысы қарқынды түрде жүруде. Жобалар машина жасау, құрылыс индустриясы, фармацевтика, тамақ және химия өнеркәсібіне бағытталған. Осы жылы іске қосылатын өндіріс ошақтарының қатарында шетелдік инвесторлардың да жобалары бар.
Алматы Индустриалды аймағында жуырда ресейлік компания жоғары кернеулі кабель өнімін шығаратын өндірісті іске қоспақ. Одан бөлек, құрылыс материалдарын өңдеп шығаратын, сондай-ақ, тамақ өнеркәсіптері бар. Жалпы, бүгінгі таңда 9 кәсіпорын өз жер телімдерін игеруді бастап, жыл аяғына дейін жұмысын бастайды.
«Қазіргі жоспарымызда «Энко» энергетикалық компаниясы бар. Оның іске қосылуын күтіп отырмыз. Ол –жылу алмастыру жүйелері саласына қажетті инженерлік жүйені өңдеп шығаратын компания. Содан кейін өзімізде скотч, пленка өңдеп шығаратын «KazTigerTape» компаниясы тұр. Сонымен қатар, автоклафты газды бетон шығаратын компанияны да атап өтуге болады.Басқа да бірқатар компанияны осы жылы іске қосамыз деген жоспарымыз бар», – деді «Алматы индустриалдық аймағы» ЖШС-нің бас директоры Мұхтар ТҰРАБЕКОВ
Бүгінгі күні 4 компания кәсібін дөңгелетіп отыр. Индустриалды аймаққа газ, су, жарық және темір жол желісі жүргізілген. Аталмыш инфрақұрылымдық жұмыстарға бюджеттен 27 миллиард тенгеден аса қаражат бөлініпті.
«Бізде екі қосалқы станция бар. Жалпы, олар 80 Мегаватт энергия береді. Аймақтағы кәсіпорындар қыс мезгілінде бір айда сағатына 7 миллион киловатт тұтынады. Мәселен, кейбір өндіріс орындары қыста 9 сағатына ең көп, 9 мегаватт пайдаланса, енді бірі 1 мегаваттқа дейін тұтынуы мүмкін», – деді «Алматы индустриалдық аймағы» ЖШС-нің бас энергетигі Андрей ПАВЛЕНКО.
Алматы Индустриалды аймағында арнайы теміржолдар салынған. Оның жалпы ұзындығы 8,5 шақырымды құрайды. Осы арқылы кәсіпорындар тауарды жеткізумен қатар, дайын өнімдерді тасымалдай алады. Осыған байланысты арнайы тұйық жолдардың құрылысы жүргізілуде.
Индустриалды аймақта құрылыс, фармацевтика, химия, тамақ, машина жасау және жеңіл өнеркәсіп салалары бойынша отандық ірі және шетелдік 41 жоба жүзеге асуда. Олардың жалпы құны 155 миллиард теңгені құрайды. Ал 2019 жылы тағы 12 компания іске қосылатын болса, 24-інің жобалау жұмыстары жүргізілуде.
«Жалпы Индустриалды аймақты игеру жұмыстары өте қарқынды жүруде. Небәрі екі жылдың ішінде осындай көрсеткіштерге қол жеткізіп отырмыз. Талап, сұраныс үлкен. Енді ол жұмыстарды тиісті деңгейде атқаруға тиіспіз. Қазіргі таңда 4 кәсіпорын іске қосылған. Шамамен, 600-700 жұмыс орны құрылған», – деді «Алматы индустриалдық аймағы» ЖШС-нің бас директоры Мұхтар ТҰРАБЕКОВ.
Алматы Индустриалды аймақ аумағы 490 гектарды құрайды. Оның ішіндегі 270 гектары жобаларға арналған. Бүгінгі таңда аталмыш аймақ аумағында 82 гектар бос жер бар. Яғни, әлі де инновациялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі мол.
Перизат Көмекбайқызы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы