25 жастағы Ақтаудың тумасы Анастасия Мурашованың өмірі қыл үстінде. Бойжеткен біздің арна тілшілері арқылы қалың көпшіліктен қол ұшын созуды сұрап отыр. "Субүйрек" дертіне шалдыққан ол тез арада ота жасату керек екен. Операцияны көрші Ресей елінің білікті мамандары жасауға даяр. Тек қаржының жоғы қол байлап отыр.
Ақтаудан Астанаға жан сауғалап келген 25 жастағы Анастасияға жуық арада ота жасату қажет. "Субүйрек" дертіне шалдыққан бойжеткен Ақтаудың ақ халаттыларынан күдер үзген. Дерті болса, күннен күнге асқынып барады.
Осы күні бойжеткеннің қос бүйрегі де істен шыққан. Несеп шығару жолдары да жөнді жұмыс істемейді. Салдарынан, қалдықтың бәрі бүкіл денесіне тарап кетуі мүмкін. Шарасыз науқас қазір бір ғана құрылғының көмегімен жан сақтап отыр.
«Маған екі жақты "субүйрек" деген диагноз қойылды. Тездетіп ота жасатуым керек. Ең болмаса бір бүйректі іске қосу үшін, ішектің шағын бөлігін кесіп алып бүйрек тұсына тігу қажет. Сонда ғана табиғи жолмен несеп жолы қалыпқа келіп, дұрыс жұмыс істей бастайды»,- деді Ақтау қаласының тұрғыны, Анастасия МУРАШОВА.
Астанаға ат басын тіреген Анастасия ең алдымен Денсаулық сақтау министрлігіне жүгініпті. Көмек сұрап, өтініш жазған. Ал, шенділер хатына тек 1 айдан кейін ғана жауап бермек.
«Мен Денсаулық сақтау министріне де хат жаздым. Жағдайымды баяндадым. Олар тек 25 күн аралығында сіздің өтінішіңізді қарастырырамыз деген жауап қайтарды. Бала кезімде менің сол жақ бүйрегімнің астауын алып тастаған еді. Қазір мүлде жұмыс істемейді»,- деді Ақтау қаласының тұрғыны, Анастасия МУРАШОВА.
Әзірге бар үміт ресейлік дәрігерлерде. Олар ота жасап, дерттен айықтыруға дайын-ақ екен. Тек қаржының жоқтығы қол байлап отыр. Анастасияның бір ғана бүйрегін қалпына келтіру үшін кемінде 3 миллион теңге қажет.
Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеарнасы Астанадан