Алматыда көктемгі марафон өтті. Бұқаралық спорттық шараға 100-ге жуық бала мен 900-ге тарта ересек адам қатысты. Олар көзделген қашықтыққа дейін жүгіріп өтіп, үлкен марафонға дайындықтарын пысықтады. Жарыста балалар «Нұрлы Тау» бизнес орталығынан Есентай өзеніне дейін 3 шақырымды бағындырды. Ал ересектер одан әрі Мұстафин көшесіне дейін 14 шақырым жүгіріп өтті. Мәре сызығын алғаш кескен 6 адамға ақшалай сыйлық пен бағалы заттар табысталды. Дегенмен ұйымдастырушылар көктемгі жүгіріске қатысқан барша желаяқты құр қол қайтармай, «Алматы марафонының» алқасын тақты. Айта кетсек, осымен 7-ші рет өткелі жатқан «Алматы марафоны» биыл 22- сәуірде өтеді. Оған кез келген адам қатыса алады. Тек алдын ала тіркеліп, тиісті жарна төлеуі шарт.
«Бұрын біз жылдың үш мерзімінде осындай жүгіріс жасайтынбыз. Ал былтырдан бері көктемгі жүгірісті қостық. Жыл өткен сайын қатысушылар санының артқанын байқап отырмыз. Жалпы көктемгі жүгіріс үлкен марафонға дайындықтың ақтық кезеңі болып табылады. Біз «Алматы марафонына» қызу дайындалып жатырмыз. Қазірдің өзінде 8000-ға жуық адам қатысуға ниет білдірді. Биыл марафонға 14 мыңға жуық адам қатысады деп сенеміз», - деді «Алматы марафонының» директоры Салтанат ҚАЗЫБАЕВА.