Елімізде 2 мың 67 Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Оның, яғни, 369-ы Алматы қаласында тұрады. Ұлы Жеңістің 73 жылдығына орай олардың әрқайсысына дәстүрге сай бір реттік төлем жасалады. Астанада ардагерлерге жарты миллион теңгеге дейін беріледі. Шығыс Қазақстандағы ардагерлердің алатыны да осындай. Солтүстік Қазақстанда оның көлемі екі есе аз. Батыста беретін сыйлық әлі нақтыланбаса керек. Өткен жылы батырларымызға ат жазылған сағат табысталған. Ал Қарағанды мен Павлодарда 150 мың теңге тағайындалыпты. Алматыдағы майдангерлерге былтыр 150 мың теңге бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілсе, биыл оған тағы 100 мың теңге қосылды.
«Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне коммуналдық қызметтерге байланысты төленетін 5,5 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі әлеуметтік көмек мөлшері қазіргі таңда 6,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ұлғайды»,-деді Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы әлеуметтік төлемдер бөлімінің бас маманы Рүстем ИСМАИЛОВ.
Жеңілдіктер мен кепілдіктер жағынан ардагерлерге теңестірілген тұлғалар, сұрапыл шайқаста қайтыс болған жауынгерлердің жесірлері мен Ауғанстандағы соғыста қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына бұған дейін 30 мың теңге көлемінде көмек көрсетілсе, тағы қосымша 20 мың теңге төленеді. Биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек жаңа форматта беріле бастады. Кедейшілік шегі 40 пайыздан 50 пайызға дейін көтерілді. Жыл басынан бері бұл көмек түрі 311 отбасыға көрсетілген.
«Жан басына шаққандағы орташа табысы 2 есе күнкөріс деңгейінен аспайтын азаматтарға 7,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінен 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ұлғайды. Өрт немесе табиғи апаттың салдарынан көрсетілетін әлеуметтік көмек қазіргі кезде 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінен 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ұлғайды»,-деді Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы әлеуметтік төлемдер бөлімінің бас маманы Рүстем ИСМАИЛОВ.