Алматыда халықаралық тарихи ескерткіштерді қорғау күні аталып өтті. Қаланың белсенді жастары Боралдай сақ қорғанына барып, экскурсия жасап, археологиялық жердің маңайын тазалады. Мерекелік шараға арна тілшілері де қатысып қайтты.
Тарихи ескерткіштерді қорғау күнінде қаланың белсенді жастары Боралдай сақ қорғанына барып, экскурсия жасады. Ондағы тарихи құнды заттармен танысты. Сонымен қатар, ертедегі адамдардың қалай жерленгенін тамашалады.
Сақ, үйсін кезеңінде мәйітті жерлейтін жерді іздейтін арнайы адамдар болған. Олар зираттың қос қапталынан өзен өтетін орынды таңдаған, дейді археологтар. Өйткені, сол кездегі адамдардың түсінігі бойынша мазарлар орналасқан жер құдаймен байланыс орнататын орын болып саналған. Қорғанда адамдар әртүрлі жерленген. Яғни, мұнда әр кезеңнің хандары немесе лауазымды адамдары жатқан болуы мүмкін. Боралдай сақ қорғанын қаз-қалпында сақтап, алдағы уақытта музей қылып ашу жоспарда бар екен.
«Бұл ескерткіштердің ешқайсысына қазба жұмыстары жүргізілмеген. Барлығы бұзылыссыз күйде. Әзірге мемлекеттің қорғауында тұр. Жалпы, болашақта осы жерде Боралдай сақ қорғандары музейін ашу жоспарланған. Қазіргі таңда жобасы әзірленуде», - деді Алматы мұражайының қызметкері Толғанай МАХАМБЕТӘЛИ.
2 мың 600 жылдан астам тарихы бар археологиялық орында 47 сақ қорғаны мен 200-ден астам үйсін қорғандары орналасқан. Олардың биіктігі 14 метрден асып жығылады. Адамдар мұнда біздің заманымызға дейін ІІІ, ІІ ғасырларда келіп қоныстана бастаған. Аталған аймақтан аттың тісі, еңбек құралдары табылыпты.
Археологиялық орынның аумағы ат шаптырым жер. Ұзындығы 3 шақырым болса, ал ені 800 метрге дейін жетеді. Боралдай сақ қорғаны осы күні Қазақстанның сакралды картасына енген орын. Бүгінгі мерекелік шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр.
«Бұл Елбасының салиқалы саясаты – «Болашаққа бағдар.Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру барысында келер ұрпағымыздың келешегіне деген ат салысу бойынша игі іс-шаралардың бірі», - деді Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасының мәдени мұра бөлімінің басшысы Назерке КӘКЕЖАНОВА.
Жалпы, Алматыда республикалық және жергілікті маңызы зор 136 тарихи ескерткіштер бар. Олардың барлығы еліміздің мәдени мұрасы үшін орны ерекше. Сондықтан былтыр Қазақстанның сакралды картасы дайындалып, тарихи орындардың атласы жасалған болатын. Ондағы мақсат - еліміздің тарихи құнды жерлерін қорғау, оларды келер ұрпаққа қаз-қалпында жеткізу болса керек.
Өмір Әнуарбек, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы