Аслан Утеулин: Наурыз-фрэш-көже? Неге дәмін татып көрмеске?

14.03.2017 22:29

        Егер ең үздік Жаңа жылға сайыс жарияланса, оны Наурыз жеңіп алар еді.

Өздеріңіз ойланып көріңіздерші, қақаған аязды түнде тоңсаңыз және өте қатты ішкіңіз келсе ғана жаңа жылды қарсы алуға болады. Осы екі себептің кесірінен 31 желтоқсанда дәрігерлер басқа қалада оянып, шыршаның астында қорқақ қояндар секіріп жүретін біртүрлі жағдайлар орын алады.

     Экономикалық тұрғыдан қарастыратын болсақ, жаңа жылды қысқа атап өту – тиімсіз. Жаңа жылдық салаттардың ішінде ең жаңа жасалғаны - консервіленген жасыл бұршақ ғана болады. Қиярдың бағасы тропикалық жеміс-жидектің құнымен бірдей бағаланады. Ал салтанатты кешке баратын қыз-келіншектер көйлектерінің ішінен жылы киінулеріне тура келеді.

     Күлбике Ақтөбеде өткен жаңажылдық бал кешінде аяқ киімін жоғалтып алса, ханзада көп қиналмас еді. Оны үсіп қалған аяғымен Медициналық жедел жәрдем ауруханасында жатқан жерінен тауып алар еді.

     Қытайлықтар жаңа жылды тойлау салтанатын фантазиямен қарастырған. Мистикаға сенетін халық малды, балаларды және ең сорақысы күріштерді жейтін Нянь құбыжығын ойлап тапқан. Олар өтемақы ретінде үйдің табалдырығына тағамдарды қойып, құбыжықтан тығылады.  

     Мақұлық өз қарнын тойдырды-ау деген кезде қытайлықтар боянып, киініп, салық жылын қорытындылайды. Аспанға отшашу атып, Няньнан қалған мерекелік астан дәм татады.

       Занзибарда жаңа жылды ерекше қарсы алады. Ол «Навруза» деп аталады. Бұл Наурыз іспеттес мереке, бірақ тамызда аталып өтіледі . Наурыз мерекесі тойланатын орталықтан алшақтап кеткендіктен, жергілікті тайпалар күнтізбені шатастырып алғанға ұқсайды.

        Жергілікті мекеннің климаты салттың өзіне бір африкалық із қалдырған іспеттес. Әдемі киінген әйелдер көңілді өлеңдер айтса, ер азаматтар  банан сабақтарынан жасалған қамшымен төбелес ұйымдастырады. Соңында жеңіске жеткен ерлердің қолдары әдемі киінген әйелдерге жетеді. Бұл жерде жеңіске жеткендерге ме әлде жығылғандардың жолы болды ма деген ой туындайды.

         Бұл қызық жайттардың жанында біздің халық Наурыз мерекесін бірқалыпты қарсы алады.

Өткен ғасырдың адамдары қолдарында астрономия құралдары болмаса да күн мен түннің теңелетін уақытын қалай білгендігі мені таңқалдырады.

       Менің ойымша, жаңа жылды табиғаттың қайта тірілген кезінде, жаңа үміт сыйлайтын  көктемнің алғашқы шуақты күндерінде қарсы алған жөн.

      Наурызда дастарқан жайып, дәм татуға шақыру - көшпенділерге тән қасиеттердің бірі. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағында тұрмыстық жағдайы төмен адамдарға қол ұшын созу үлкен көмек болып есептеледі.


       Уақыт өте өзгерістер орын алды. Былтыр мейрамханалардың бірінде жеті жеміс-жидектен тұратын, йогурт қосылған салатты маған эксклюзивті Наурыз-фрэш-көже деп ұсынды.

Айтпақшы, 14 наурыз – Көрісу күні. Бұл күні таныстар көрісіп, бір-бірін жаңа жасымен құттықтайды.


КЕЛЕ ЖАТҚАН МЕРЕКЕ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!


Мәтін: Аслан Утеулин

Мұқаба бетіндегі сурет: total.kz

Мақаладағы сурет: old.el.kz

Аударған: Меруерт Сағымхан



Редакция:

14 наурыз күні еліміздің батыс өңірлерінде Көрісу мерекесі атап өтіледі. Бұл дәстүр барлық өңірлерге таралуда. Мереке құтты болсын!