Биыл Алматыда зоомектеп ашу жоспарлануда

Биыл Алматыда зоомектеп ашу жоспарлануда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматы зообағы жаңа кейіпке енсе, оның аумағында жас натуралистер мектебін ашу жоспарлануда. Табиғатпен етене болғысы келетіндер жануарлар, өсімдіктер туралы ілімдерін жетілдіре алады. Зообақта жақында жаңа тұрғындар пайда болды. Франциядан лемурлар жеткізілсе, пони мен ешкілер төлдеді.

Зообақта қазір төлдеу маусымы басталды. Шотландиялық понилар жылына бір рет қана құлындайды. Приматтар бөлімінде де толығу бар. Шетелден әкелген лемурларға қызметкерлер «Ай» мен «Күн» деген ат беріпті. Қысқа мерзімнің ішінде келушілердің сүйіктілеріне айналған оларға Чехиядан тағы 4 лемур қосылады. 

«Бұл лемурды көптен күткен болатынбыз. Армандар орындалады деп 23 наурыз күні біздің арманымыз орындалып, осы лемур лариды алдық. Енді Чехиядан 4 басын күтіп отырмыз. Бәрі көбейіп, үлкен топ болып, осы шарда тұратын болады», - деді приматтар бөлімінің меңгерушісі Шолпан ӘБДІБЕКОВА.

Аққулар да балапандарын басып шығарған. Тағы бір жұп толығуды күтуде. Алайда, аққулар өте қызба көрінеді. Қанатының күштілігі соншалық, тіпті адамның қолын сындыруға қауқары бар екен. Сондықтан мамандар оларды тамақтандырарда сақ болуға шақырады. Джамбо атты сусиыр мен Франциядан әкелген құрбысы екеуінде және Орман атты амур барысында жақын арада төлдеуі бек мүмкін. Теңбіл түсті жануар түрлендіру бағдарламасына қатысып, Владивостоктан әкелінетін Тайга атты теңін күтуде. Бұл жоспарларды орындау үшін жнуарларға қолайлы жағдай жасалып жатыр. Желтоқсан айында жаңа экспозициялар құрылысы басталады.

«Екі құрылымның құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Ол қар барысы, аюлар мен қасқырларға арналған мекендер. Аю мен қасқырға бір құрылым салынады. Қазір біз қоршау деген сөзді пайдаланбауға, оның орнына өмір сүру қалпы дегенді жөн көреміз. Табиғатта еркін өмір сүруіне жағдай жасауға тырысамыз», - деді Алматы зообағы директорының міндетін атқарушы Айгүл ТӨЛЕЕВА.

Ал алғаш пайда болған 25 тонналық аквариум бақтың мақтанышына айналған. Оған акулалар мен муреналар жіберілген. Су жануарлары сирек көзге көрінгенімен, бейнетаспамызға түсіре алдық. Келушілерді клоун-балықтар, хирург-балықтар, теңіз кірпілері мен медузалар ерекше қызықтырады. 

«Біз Алматы зообағын тамашалауға арнайы Өскеменнен келдік. Бірінші кезекте балаларым мен немерелерім бай тарихы бар осы орынды тамашалауды қалап еді. Біздің қалада жоқ жануарлар осында екен. Алған әсеріміз ерекше», - деді  Зәуре МҮБӘРӘКОВА.

Биыл жазда зообақ жанынан зоомектеп ашу жоспарлануда. Табиғат жанашыларларына флора мен фауна туралы ілім беріледі. Желтоқсан айында жануарлардың қысқы мекендеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ол үшін жергілікті қазынадан 237 миллион теңге қарастырылып отыр.

 

Азамат Әуезхан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров