Алматыдағы аудандардың бірінде жүргіншілер жолының жоқтығы жұрттың шымбайына батуда

Алматыдағы аудандардың бірінде жүргіншілер жолының жоқтығы жұрттың шымбайына батуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы Наманганская көшесінде жүргіншілер жүретін жол жоқ. Халық бірнеше жылдан бері тротуардың жоқтығынан көлік жүретін жолмен жүруге мәжбүр. Жұрттың жағдайынан жергілікті әкімдік хабардар. Тіпті былтыр берген уәдесі де орындалмаған.

Көктем келісімен Наманганская көшесінің тұрғындары резеңке етіктерін сайлайды. Өйткені, бұл шалшықтан таза шығудың бір ғана жолы. Мына жалғыз аяқты жолды тұрғындар «тротуар» дегенге ауыздары бармайды. Сондықтан жуық арада мұнда дұрыс жүргіншілер жолын салмаса, соңы қайғылы жайтпен аяқтала ма деп қорқады.

«Жақын жердегі жолаушылар өткеліне жету үшін біраз жер жүру керек. Шалшық суды басып өтеміз, не болмаса көліктер жүретін жолмен жүреміз. Екінші тәсіл, әрине, өмірімізге қауіпті. Қыста бұл жерден құлап, талай рет аяқ-қолын сындырғандар бар», - деді Алексей ЗАЙКОВСКИЙ.

«Әкімдік бізге уәде берген. Олар «2017 жылдың соңына дейін міндетті түрде көшені реттейміз» деген. Бірақ өкінішке орай әлі орындалмады», - деді Серафима БЕЛОБРОДСКАЯ.

Тұрғындардың уәжі орынды. Бұл былтыр мамыр айында біздің арнаның тілшілері түсірген видео. Сол кезде де жергілікті әкімдіктің қызметкерлері жағдайды реттейміз деп ант су ішкен еді. Бірақ неліктен екені белгісіз жөндеу Наманганская көшесіне жетпей қалған. Сөйтіп, халық қыл көпір іспеттес бір аяқты жолмен жүруге тура келген. Ал Түрксіб ауданының өкілдері «тротуарды биылдан қалдырмай жасаймыз» деп тағы да уәдесін үйіп тастады.

«Наманганская көшесі биыл жөнделетін көшелер тізіміне енді. 300 метрлік тротуарға жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Бөлінген қаржыға қарай оны кеңейтеміз. Халықтың жағдайын түсінеміз. 2018 жылы жүргіншілер жолы салынады деп айта аламын. Уәде береміз», - деді Алматы қаласы Түрксіб аудандық көріктендіру бөлімінің басшысы Константин ВОРОПАЕВ.

Жергілікті биліктің сөзіне әбден тойған жұрт кезекті уәдеге онша сенбеді. Дегенмен көптің күдігін үміт жеңіп тұр.


Жадыра Омаржан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров