Елбасы әскери ұшқыштардың жалақысын көтеруге қолдау көрсетті

10.04.2018 00:34

Нұрсұлтан Назарбаев әскери ұшқыштардың жалақысын көтеруге қолдау көрсетті. Ал депутаттар әскери жоғары оқу орындарында берілетін тәлім-тәрбиенің төмендігіне алаңдап отыр. Парламент Мәжілісінің депутаты Мұхтар Ерман өткен жылы елімізде осы сала бойынша 27 қылмыстық іс тіркелген деді. Төменгі палатаға есеп берген Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов бұдан бөлек өзге де қордаланған мәселелерді жіпке тізді.

Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов негізі көзге жиі түспейді. Дегенмен, бүгін депутаттар алдында қымсынбай, қорғаныс саласындағы түйіткілдерді ашық тарқатты. Ең алдымен, әскери ұшақ қызметкерлерінің жалақысының аздығын сөз қылды. Ведомство басшысының айтуынша, 25 адам осы уақытқа дейін азаматтық авиацияға ауысып кеткен. Бұл жағдайды Президент атына жазған хатында да көрсетіпті. Сөйтіп, Елбасы өз кезегінде жалақыны көтеру идеясын қолдаған.

«Бізде бүгін бұл салада жұмыс істейтін адам саны азайып келеді. Олар «Эйр Астана», «Скат» сынды азаматтық авиацияға бет бұруда. Аталмыш компаниялар оларды ұстауға 1,5 млн теңге бөледі. Ресейде мұндай қызметкерлер 800 мың рубль көлемінде жалақы алады. Ал біздің жоғары санаттағы ұшқыштың жалақысы  270 мың теңге көлемінде. Елбасына хат жолдадым. Президент  қолдады әрі  Үкіметке тапсырма берді. Орташа есеппен ұшқыштар  400-500 мың теңге көлемінде алуы қажет», - деді ҚР Қорғаныс министрі Сәкен ЖАСҰЗАҚОВ.

Жоғары оқу орнындағы тәрбиенің осалдығы, білім берудің талапқа сай болмауы жемқорлықтың дендеуіне, әскери тәртіптің әлсіреуіне, қылмыстың өсуіне себеп болып отыр. Бұл жағдайды отырыс кезінде Министр емес, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы қозғады. Мәжіліс депутаты Мұхтар Ерманның айтуынша, өткен жылы әскери сала бойынша 27 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде пара алу, жарғыға кереғар қарым-қатынас, курсанттың өліміне алып келген жағдай бар. Биылғы жылдың өзінде 3 қылмыс орын алыпты.

«Қатардағы әскердердің қазіргі заманға сай әдістемелерді қолдану көршілес елдердің тәжірибесін үйрену болар еді. Осы ретте көп функционалды ақпараттық жылжымалы кешенді тиімді енгізу. Ол мультимедиалық құрал-жабдықтармен жабдықталған далалық жерде әскери қызметшілер арасында  мәдени көпшілік жұмыстар жүргізуге көмек береді», - деді  ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар ЕРМАН.

Қорғаныс Министрі көтерген кезекті мәселе - әскерилердің тамақтануы. Оның сөзінше, қызметкерлерді бүгінгі таңда үш реттік тағаммен қамтамасыз ету 1200 теңгені құрауы тиіс. Алайда бұл  800 теңгеден аспайды. Оған мемлекеттік тапсырыстағы талаптар басты себеп көрінеді. Яғни, заң бойынша ең кім төмен баға ұсынады сол тендерде жеңіске жетеді. Осы себепті Сәкен Жасұзақов депутаттарға заңдық тұрғыда тиісті өзгерістер енгізуді сұрады.

«Өздеріңіз білесіздер, үш рет тамақтандыру қажет сарбаздарды, курсанттарды. Ал мынау жыл сайын фирмалар конкурсқа қатысатын, оның конкурсты ұтып алу үшін өз қызметтер құнын 650-900 теңгеге төмендетеді. Кім кем береді, сол ұтады. Басқа жағына қарамайды, бұл дұрыс емес. Осыған орай, мен Премьер-министрге хат жібердім. Бұл болмайды ғой деп», - деді ҚР Қорғаныс министрі Сәкен ЖАСҰЗАҚОВ.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко бұл ұсынысты бір ауыздан қолдады.

«Егер талап бойынша 1200 теңге тиесілі болса, онда сол баға қалуы керек. Экономика министрі қайда? Неге осы түйіткілдерге көңіл бөлмейді? Бұл ешқандай санаға сыймайтын дүние ғой. Қойылған талаптар белгілі. Адамды қалай одан да арзан бағамен тамақтандыруға болады?», - деді  ҚР Парламенті мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир БОЖКО.

Қорыта келгенде, Қорғаныс саласының барлық тұсы тілге тиек етілді. Владимир Божко әскер қатарында нәзік жандардың санын арттыру қажет екенін атап өтті. Сәкен Жасұзақов өз кезегінде бұл ұсыныстың барын айтты. Әрі, енді басшылар орынбасарларының бірін нәзік жандылардан тағайындауды бұйырыпты. Олар идеялогиялық жұмыстарды атқармақ.


Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан