Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинге Ресей Федерациясының Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, жеделхат жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Президент өз құттықтауында оған зор денсаулық, амандық және жауапты мемлекеттік қызметте жаңа жетістіктер, ал достас Ресей халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі. Кеше Ресейде президент сайлауы өтіп, онда Владимир Путин ресейліктердің рекордтық қолдауына қол жеткізді. Алдын ала есеп бойынша оған сайлауға қатысқан халықтың 76 пайыздан астамы дауыс берген.
«Бізде мұндай тәжірибе бірінші рет болып отыр. Делегациямыздың құрамы үлкен болғандықтан, көптеген өңірлерді қамтыдық. Атап айтқанда Ресей Федерациясының 23 аймағы. Сарапшылардың арасында өзара қарым-қатынаста болу үшін арнайы штаб та құрдық. Астанадағы орталық та бізді қолдап отыр. Жалпы сайлау өте жоғары әрі кәсіби деңгейде өтті. Ешқандай ескертуіміз жоқ», - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік ИМАШЕВ.
Ел басқаруға өзге үміткерлер Ресей Федерациясының Коммунистік партиясы атынан шыққан Павел Грудинин 11,80 пайыз еншілесе, Либералдық-демократиялық партияның көшбасшысы Владимир Жириновский 5,66 пайызды, ал тележүргізуші Ксения Собчак 1,67 пайыз дауыс жинаған. Ресейдегі саяси доданы 100-ден астам елдің бір жарым мыңға жуық бақылаушысы қадағалаған. Отандастарымыз Ресейдің 23 өңірінде сайлауды бақылаған.