Бүгін мемлекетіміздің басты нышаны - ұлттық рәміздер күні тойланды. Айтулы мерекені алматылықтар Халық аренада атап өтті. Шараның шымылдығын Ұлттық гвардияның оркестрі түріп, эстрада әншілері өнер көрсетті. Олар бойға рух беретін патриоттық әндер шырқады. Айтып өтсек, еліміздің мемлекеттік рәміздері 1992 жылғы маусымның 4-де бекітілген болатын. Бұл күн содан бері ел тарихында ойып тұрып орын алады. Мемлекеттік рәміздер - ең қастерлі символдар. Сондықтан жүрегі елім деп соққан әр азаматтың қастерлі борышы рәміздерді құрметтеу. Бұны қала әкімі Бауыржан Байбек өз сөзінде қадап айтты. Шаһар басшысы жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтап, рәміздер күнін тойлауда Алматының орны ерекше екенін атап өтті.
«Рәміздер күні барша қазақстандықтар, оның ішінде алматылықтар үшін ерекше мереке. Себебі, Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі осы Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы конституциялық заң қабылданып, ұлтымыздың көк байрағы бейбіт аспанымызға алғаш рет осы Алматыда көтерілген болатын. Бұл барша алматылықтар үшін зор мақтаныш. Үлкен мәртебе, асқан жауапкершілік»,-деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
«Рәміздер күні спортшылар үшін маңызды мейрамдардың бірі болып саналады. Неге десеңіз, Ту, Елтаңба, Әнұран ұтқан кезде ту көтеріліп, гимн ойналады. Ол негізгі мақсатымыз сол шетелге шыққандағы. Өз басым 2 олимпиада ойындарында көк туды алып өттім»,-деді олимпиада чемпионы Ермахан ИБРАИМОВ.
Фото: elarna.com