Еліміздің бірқатар өңір басшысы қызметтерінен кетті. Елбасы пәрменімен 4 бірдей аймақ әкімі ауысты. Әуелі Қарағанды облысының басшысы болып Ерлан Қошанов тағайындалды. Осыған дейін ол үкімет басшысы кеңесінің төрағасы болып жұмыс істеген. Ерлан Қошанов мәслихат депутаттарының басым дауысына ие болып, активке таныстырылды. Ол әр жылдары "Қазақстанның инвестициялық қорында", "Астана халықаралық әуежайында" лауазымды қызметтер атқарған. Тіпті, сенат депутаты да болыпты. Ал, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Көп ұзамай, Ақмола облысына да жаңа әкім келді. Аймақты енді Мәлік Мырзалин басқаратын болады. Ол бұған дейін Президент әкімшілігі басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған еді. Ал, осыған дейін Ақмола облысын басқарған Сергей Кулагиннің әзірге қай қызметке кеткені белгісіз.
«Менің жарлығыммен Кулагин Сергей Витальевич қазіргі істеп жүрген жұмысынан босатылды. Работал честно, никогда не проводил. Был он заместителем председателья правительства. Министром сельского хозяйзство и работал в областях. Был акимом тогдашней Торгайской области. В Кустанае работал, 2 раза работал акимом у вас. Поэтому, я хочу его от себя лично поблогодарить его»,- деді Қазақстан Республикасының президенті, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Бұған дейін, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары қызметінде болған Ералы Тоғжанов Маңғыстау облысының әкімі болды. Осы қызметті 2013 жылдан бері Алик Айдарбаев атқарған болатын. Аймақтардағы ауыс-түйіс мұнымен түгесілген жоқ. Президент әкімшілігінің басқарма басшысының орынбасары қызметінен босатылған Құмар Ақсақалов Солтүстік Қазақстан облысына әкім болып барды. Аталмыш облысты 2014 жылдан бастап, осы күнге дейін басқарған Ерік Сұлтановтың да әзірге қайда ауысқаны беймәлім.