Қазақстанда айыппұлды банк карточкасы арқылы төлеу жүйесі енгізіледі

20.04.2018 23:06

Қазақстанда автокөлік иелері айыппұлын тұрған жерінде банк карточкасы арқылы төлейтіндей жүйе енгізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Банк карточкасы арқылы электронды форматта тұрған жерінде төлем жүргізу механизмін жасадық. Демек, айыппұл арқалаған азаматта банк карточкасы болса, ол банкке сабылып, айыппұлды төлеп жатпай, тұрған жерінде төлемді жүргізе алады. Яғни, планшетте (жол сақшысының қолындағы) тиісті құрылғы болады. Сонда карточка сұғылғаннан кейін төлем автоматты түрде алынады», - дейді ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Бағдат Мусин бүгінгі көшпелі отырыста.

Оның айтуынша, Бас прокуратура Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, тиісті ұсыныстарды әзірлеп жатыр.

«Депутаттар ұсынысымызды қолдаса дейміз. Банк картасы арқылы орнында айыппұлын төлейтін азаматта қосымша ынталандырушы мотивация болса дейміз. Демек, естеріңізде болса, айыппұл 7 күннің ішінде төленсе, азаматқа 50 пайыздық жеңілдік берілуші еді ғой. Осы қадамның жүйеге біршама серпін бергенін байқадық. Демек, ендігі кезекте айыппұлға іліккен азамат тұрған жерінде банк карточкасымен өтейтін болса, онда оған тағы 5 пайыздық жеңілдік бергіміз келеді. Ең бастысы - біз айыппұлды көбірек салуды емес, азаматтардың артық жүріс жасап, банкке сабылуын тоқтатқымыз келеді», - деді ол.

Еске сала кетсек, бүгін ҚР Парламент Сенатының конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшелері бүгін Бас прокуратурада көшпелі отырыс өткізген болатын. Отырыс барысында Бағдат Мусин Қазақстанда «Электронды қылмыстық іс» жобасы қалай іске асырылатынын түсіндіріп берді.