Көксай ауылының тұрғындары 20 жылдан бері жол азабын тартып отыр

Көксай ауылының тұрғындары 20 жылдан бері жол азабын тартып отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы түбіндегі Көксай ауылының тұрғындары 20 жылдан бері жол азабын тартып отыр. Ала жаздай шаң жұтқан халық, енді жаңбыр жауса лай-батпаққа батамыз деп қорқады. Бұдан бөлек, тұрғындарды Алтын Орданың кептелісінен қашқан көліктер де мезі еткен. Жергілікті билік өкілдері құлаққа ілмеген бұқараның базысанасын тілшіміз тыңдап қайтты.

Көксай ауылындағы Береке көшесінің тұрғындары жол азабын тартқалы ширек ғасырға жуықтаған. Тіпті ауыл пайда болғалы көшелер бірде-бір рет жөндеу көрмеген. Салдарынан халық ала жаздай бұрқыраған шаң жұтып, қөктем мен күзде лай-батпақ кешуге мәжбүр. Ең сорақысы, Алтын Орданың ұзын-сонар кептелісінен қашқан көліктерден келген кедергі дейді. Береке көшесін қосымша көлік дәлізі ретінде пайдаланатындар, маңайдың шаңын көтергені өз алдына, балалардың өміріне қауіп төндіретін көрінеді.

«Бұл жерде жай жаңбыр жауғанның өзінде жүру қиын. Көлшік жиналады, машиналар журе алмайды», - деді ауыл тұрғыны Сағат КУЛЬЖАХАНОВ.

«Осы көшеден Алтын Ордадан қашып барлық машиналар осы таңертең  кешке осы жерге келеді. Үйлерде енді шаң мүмкін емес. Жақын арада мына жерден бұрылады, бұрын тас төселген болатын еді. Қазір топырақ көтеріліп жатыр», - деді ауыл тұрғыны Дүйсен АДАЙБАЕВ.

¤«Менің балам кішкентай. Қазірдің өзінде аллергиялық орталықта есепте тұр. Шаңға аллергиясы бар, ешқандай ем көмектеспейді. Көшеден бұрқыраған шаңның кесірінен баламды не далаға ойнатуға шығара алмаймын. Үйде қамап ұстауға мәжбүрмін», - деді ауыл тұрғыны Диля ШАРИПОВА.

¤Тұрғындар көшенің келбеті былай тұрсын, жарыққа да қарық бола алмай отыр. Кесірінен түнде жүру айтарлықтай қауіпті дейді. Олар жауыр болған мәселесін жергілікті билік өкілдеріне талай айтқан. Алайда, қайыр жасаған қайырымды шенді болмаған. Шыдамы таусылған қараша бүгін әкімнің кабинетіне баса-көктеп кірді.

«Бізден сұраныс берілді, енді қаражат күтіп жатырмыз. Қаражат болған соң жол жөндетіледі. Бірінші Береке көшесі жөнделеді. Тек қаражатты күтіп жатырмыз, сол кішкене күту керек», - деді Қарасай ауданы Іргелі ауылдық округінің әкімі Қадырбек АТЧАБАРОВ.

Күтуден басқа қайран жоқ деп, қол қусырған әкім Көксай ауылында бұған дейін 6 көшені асфальттап үлгергенін айтып қалды. «Сол көшенің бірінде әкімнің өзі тұрады», - дейді тұрғындар. Ал, жөндеуді талап ететін шұрқ тесік 46 көшенің қашан тегістелетін тіпті ауыл басшысы да білмейді. Сондықтан, Көксайлық тұрғындар жол азабын ұзақ тартатын секілді.

 

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров