Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда кездесу өткізді

Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда кездесу өткізді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда кездесу өткізді. Екі елдің көшбасшылары Еуразиялық бірлестіктің әрі қарай дамуын және Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысын талқылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрі қарай бірлесе жұмыс атқаруға сенім білдірді. Бұл тұста Сириядағы соғысты доғару, бітімге келу мәселесі өзекті болып отыр. Владимир Путин өз кезегінде, Астана процесі Женевадағы кездесулерге демеу болғандығын атап өтті. Биыл екі ел арасындағы  дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толады.

«Біздің елдер арасындағы серіктестік нығая түсті. Орнаған тығыз байланыстың арқасында біз Еуразиялық экономикалық одақ құрдық. Бүгін 7 мың ресейлік мекеме Қазақстанда жұмыс жасап жатыр, көптеген өңдеу кәсіпорындары құрылуда. Санкт-Перербург пен Астанада өткен бизнес-форумдардың нәтижесінде 3 миллиард доллар болатын 41 келісім-шартқа қол қойылды. Ресей - саясатта да, экономикада да Қазақстанның ең басты серіктесі болып қала бермек», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Владимир Путин жаһандық мәселелерді шешуде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстанның қолдауына арқа сүйейтіндігін жеткізді. Ресей президенті сондай-ақ екі ел арасындағы валюта бағамының өзгеруі тауар айналымының төмендеткенін атап көрсетті.

«Біздің мақсатамыз - нақты көлемді ұлғайтып, тұрақты өсімге қол жеткізу. Оның үстіне, интеграциялық процестерді өткізу нәтижесінде барлық жағдай жасалынды. Еуразиялық банк жақсы жұмыс жасауда. Тағы бір айта кететін жайт, Еуразиялық банк Қазақстанға бірнеше миллиард долларға жоба бекітті. Менің ойымша, бұл біздің экономикалық байланыстарды дамытудағы сеніміміздің молаюына жағдай туғызады», - деді  Ресей Федерациясының Президенті Владимир ПУТИН.


Новости партнеров