Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы сауда және кәсіпкерлік ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріледі. 2016 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тиісті келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойған болатын. Ендігі кезекте нақты салалардағы құқықтық олқылықтарды анықтау қажет. Осы ретте алда тұрған бірқатар мәселені шешу жолдарын талқылау үшін 2-ші рет Еуропа және Қазақстан бизнес пен дипломатиялық корпус өкілдері бас қосты. Семинарда бизнесті ашу мен дамыту барысында кездесетін негізгі кедергілер мен қиындықтар сөз болды. Атап айтқанда, кеден, санитарлық нормалар мен стандарттар, компаниялар құру және олардың қызметі, зияткерлік меншік құқықтары сынды бірқатар проблемаларды шешу жолдары қарастырылды. Интерактивті пікірталас кезінде тараптар алдағы уақытта бірқатар заңға өзгерістер енгізілетіні жайлы мәлімдеді.
«Қазір міне Парламентімізде интеллектуалды меншік саласындағы заңдарға жаңалықтар мен өзгерістер еңгізу жобасы қаралып жатыр. Ол енді күзге қалды. Бір жылдай уақыт қаралып жатыр десек артық болмайды. Ол бірақ үлкен істің басы ғана», - деді «Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық келісімі» жобасының сарапшысы Төлеш ҚАУДІРОВ.
Айта кетейін, еліміз Еуропалық Одақпен осындай екінші буындағы келісімге қол қойған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Аталған құжат серіктестіктің шегін 29 салаға дейін кеңейтуге мүмкіндік береді. Соңғы он жыл ішінде Еуроодақ Қазақстанның сыртқы сауда айналымында 40 пайыз үлесімен бірінші сауда әріптес болып отыр. Ал, екі жақты сауда көлемі 31 млрд еуро екен.