Алматыда екі ай бұрын жоғалып кеткен қырғызстандық бойжеткен табылды

01.11.2016 19:28

Алматыда осыдан екі ай бұрын жоғалып кеткен қырғызстандық бойжеткен табылды. Айпері Сүйманқұлқызын осы уақытқа дейін 30 жастағы жігіт күштеп ұстап отырған. Қырғызстанда жоғалған бойжеткенді іздеуге Алматының Ішкі істер департаменті қызметкерлері мен Қырғыз елінің құзырлы орган мамандары ат салысқан.

Бұл жоғалған 15 жастағы Айпері Сүйманқұлқызының берген алғашқы сұхбаты. Мұнда ол екі ай аралығында болған жайттың бәрін баяндаған. Бойжеткенді Қырғызстанда бірге жұмыс істеген жігіт ұрлап әкетіпті.

«Жиырма бірінші күні дүкенге шыққан сол бойдан жоқ. Папасы нан әкеліп бер деп жіберген екен. Сол бойдан жоқ. Сол кешкісін іздеуге шыққан кезде телефонның сынғанын тауыпты. Содан кейін әкелері іздеп шықты», - деді Айперінің әпкесі Периза ЕСЕНҚЫЗЫ.

Туған-туыстарына Айпері бірнеше рет қоңырау шалып отырған. Оларға іздестіру жұмыстарының тоқтатуын және үйінен өз еркімен кеткенін хабарлаған. Бірақ оның хабарламасы жақындарының күдігін туғызыпты. Қалалық Ішкі істер департаментіне жүгініп, қоңырауға детализация жасаған. Сөйтіп, бойжеткеннің Алматы облысында екендігі анықталған. Көп ұзамай ол Ұзынағаш ауылынан табылды.

«Бірге істеген жігіт алып кеткен. Не үшін десек айтпайды. Ол қыздың жасын да білген. Ол ұсталған кезде не боларын да білген. Сондықтан қашып жүрген», - деді Айперінің әпкесі Периза ЕСЕНҚЫЗЫ.

Айпері қазір туған жеріне оралған. Әпкесінің сөзінше, оған психологтар көмек көрсетіп жатыр. Бойжеткенді ұрлап кеткен күдікті де Бішкекке жеткізіліпті. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Перизат Көмекбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы