Алматыдағы өрттен қаза тапқан марқұмдардың туыстарына 3 миллион теңгеден берілмек

10.11.2016 16:08

Өткен демалыста Алматыдағы өрттен қаза тапқан марқұмдардың туыстарына 3 миллион теңгеден берілетін болды. «Алматы Тауэрс» компаниясының басшылығы қара жамылған әрбір отбасыға осындай көлемде қаржылай көмек көрсетпек. Қала басшысы Бауыржан Байбек өрт болған орынға барып, жауаптыларға бірнеше тапсырма берді. Тілсіз жаудың неден тұтанғаны әзірге белгісіз. Шаһар әкімі арнайы құрылған комиссияның тексеріс нәтижесі 2 аптада дайын болсын деді.

Қапыда тұтанған өрт 5 қабатты ғимараттың шатырын түгел жалмаған. «Батут» компаниясы орталыққа тиесілі осы орынды жалға алып, балалар ойнайтын алаңқай ашуды көздепті. Куәгерлер тілсіз жау темірлерді дәнекерлеу кезінде шарпыды дейді. Арнайы комиссия қазір жайттың жай-жапсарын анықтап жатыр.

«Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша, біз өрттің нақты неден тұтанғанын анықтап жатырмыз. Төтеншеліктер оқиға орнын толықтай тексеріп шықты. Нәтижесінде, дәнекерлеу құралдары анықталды. Әзірге екі болжам бар. Алғашқысы - өрт қауіпсіздігі дұрыс сақталмаған, екіншісі - электр құралдары тым ескі болған», - деді Алматы қаласы ТЖД басшысы Серік ӘУБӘКІРОВ.

Оқыс оқиғадан 6 адам мерт болды. Қаза тапқандардың бесеуі - студенттер. Олар Алматыдағы жоғарғы оқу орындарында тәлім алған. Марқұмдардың мүрделерін туыстары туған жерлеріне алып кетті. Ал, «Алматы Тауэрс» компаниясының басшылығы қара жамылған әрбір отбасыға 3 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсететін болды.

«Алдымен, қаза тапқандың туыстарына қайғыра көңіл айтамын. Біздің компания марқұмдардың туыстарына 3 млн теңгеден материалдық көмек көрсететін болды. Қаржылай қолдау жасалады», - деді «Almaty Towers» компаниясының өкілі Аблимит РАХМАТУЛЛАЕВ.

Қазір аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған. Ішкі істер департаментінің қызметкерлері тексеріс жүргізіп жатыр.

«Аталған оқиға бойынша Қылмыстық Кодекстің 292-бабы бойынша іс қозғалды. Полиция өрт қауіпсіздігі сақтамады, 2 және одан көп адамның өліміне алып келді деген тармақтар бойынша күдіктілерді іздеуге кірісті. Марқұмдардың кім екені нақтыланып, тергеу тобы құрылды», - деді Алматы қаласы іід басшысының орынбасары Ізбасар БЕКТҰРОВ.

Өрт болған аумақты қала басшысы Бауыржан Байбек арнайы барып көрді. Әкім жауаптыларға тілсіз жаудың неден тұтанғанын 2 апта көлемінде анықтауды тапсырды. Сондай-ақ өрттен жапа шеккен адамдардың барлығы қараусыз қалмау керектігін айтты.

«Ешкім назардан тыс қалмауы керек. Қажетті көмектің барлығы көрсетілуі тиіс. Комиссия қысқа мерзімде өрттің неден шыққанын анықтау керек. Тексеріс ашық түрде жүргізілуі қажет», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Балалар ойнайтын орталық салуды көздеген «Батут» компаниясы да қаза тапқандардың жақындарына материалдық көмек көрсетуге дайын. Анық болғаны - өрт шалған студенттер бұл орында қосымша табыс табу үшін жұмыс істеген. Олардың денелері жер қойнауына тапсырылды.

Дастан Сейілханұлы, «Алматы» телеарнасы