Елімізде мемлекттік қызметкерлер күнін атап өтті

26.06.2017 15:53

Ұлтқа қалтқысыз қызмет - мемлекеттік қызметкерлердің өмірлік ұстанымы. Олар елдің бейбіт саясатын халықпен ұштастыратын көпір іспеттес. Олардың қоғам алдындағы міндеті де айрықша. Еліміз мемлекеттік қызметкерлер күнін атап өтуде. Дүйсембаевтар әулеті АХАТ саласындағы талай жылдарында халықтың қуанышы мен қайғысын өз бойынан өткізіп, бүкіл ғұмырын елге еңбек етуге арнап келеді. Заң саласының ардагеріне айналған Назгүл Дүйсембаеваның қыздары анасының ізін мемлекеттік қызмет саласында жалғапты.

Еңбек жолын инженер болып бастаған бойжеткен көп ұзамай өзін заң саласында көруді ұйғарады. «Құқықтану» мамандығы бойынша білімін жалғастырып, мемлекеттік қызметтегі алғашқы жылдарын Алатау ауданының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінен бастайды. Елге пайдам тисін деген Жанна Әлімқызы бұл салаға өмірінің 25 жылын арнапты.

Тағы бір отбасы шаңырақ көтерді. Мұндай күн кез келген адамның мәңгі жадында қалары сөзсіз. Ал осы сәтті мейлінше әсерлі етуді мақсат еткен Жанна Дүйсембаева үшін бұл жай ғана жұмыс емес. Сондай маңызды кезеңдерде АХАТ мамандарының алар рөлі ерекше. Себебі, олар өмірдің мәнді сәттерін қағазға қағып береді.

«Мемлекеттік қызметтегі жұмыс аса жауапкершілікті қажет етеді. Бұл салада құжаттармен мұқият жұмыс істеу керек. Біз толтыратын құнды құжаттар жай ғана қағаз емес, ол бір адамның өмірі, ғұмырының жалғасы. Ондағы әрбір әріп біз үшін маңызды. Неке қию, ажырасу, баланың туу туралы куәлігі, есімді қайта ауыстыру сияқты қызметтерді көрсетеміз»,- деді Түрксіб ауданы АХАТ бөлімінің басшысы, Жанна ДҮЙСЕМБАЕВА. 

Мемлекеттік қызметкер - ең алдымен бұқарамен бейбіт байланыс орната алуы керек дейді кейіпкер. Ол үшін халық алдындағы қызмет өз алдына бір міндет болса, ішкі ұжымдағы жұмысты да реттеп отыру үлкен ұқыптылықты талап етеді. 

«Қандай да қиын, ауыр сұрақтармен келіп жатса, сол кісіге жібереміз. Өйткені, ол кісі барлық адамды тыңдап, түсініп қандай да бір сұрақтарын шешіп береді. Оның қарапайымдылығына, білгірлігіне өте қызығамын»,- деді Түрксіб ауданы АХАТ бөлімінің инспекторы, Әлия ҚОНАЕВА. 

Жанна - заң саласында жүрген отбасындағы жалғыз адам емес. Аида Усина да сіңілісі секілді АХАТ саласында талай жыл жұмыс жасапты. Ал апалы-сіңілілердің бұл салаға сіңіп кетуіне аналарының зор үлесі тиген. Аналары Назгүл Дүйсембаева бар ғұмырын АХАТ қызметіне арнап, қыздарын да осы салаға баулып өсіріпті. Анадан алған тағылым - ұрпағына жұққан. 

«Ахат саласы біздің маңдайымызға жазылып қойған мансап сияқты. Өйткені, мен экономика, сіңілім технологиялық білім алған. Сондықтан, бұл мамандықты о бастан мақсат етпедік, бұл біздің күнделікті өмірде көріп жүрген әдет секілді болатын. Себебі, анамыз да бар өмірін осы салаға арнады. Біз анамызға түрлі құжаттарды толтыруға көмектесетінбіз, ол кісі де бізді бұл саланың қыр-сырына баулыды»,- деді Заңгер, Аида УСИНА. 

Қазір ана жолын кейіпкерлердің балалары да жалғастыруға бел буыпты. Ал апалы-сіңілілер өмірлік тәжірибесімен келер ұрпақпен бөлісуге әркез дайын.

Назкен Байтілес, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» телеарнасы


Теги: РАГС