Қазақстанда қуат өндіретін мекемелерді ірілендіру жоспарланып отыр

30.06.2017 17:11

Қазақстанда қуат өндіретін мекемелерді ірілендіру жоспарланып отыр. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, жауапты орындармен кәсіби талаптар ойластырылыпты. Осы арқылы олар электр қуатын тарататын мекемелер біріктірмек. Сенат отырысында сөз болған бұл заң жобасы мекемелер төлейтін салық көлемін азайтуға және біршама жеңілдіктер алуына септігін тигізетін көрінеді. Ал жаңа талапты орындамаған өндіріс орнына құзырлылар жаңа тариф бекітеді. Салдарынан олар кәсіби талаптарды орындайтын мекемелермен бірігуге тура келеді. Айта кетейік, 2012 жылдан бастап аймақтық электр тарататын компанияларға лицензия алу міндеттелмейді. Бұл өз кезегінде олардың санының артуына әкеп соққан.

«Заң жобасына ірілендіру мақсатында өзінің электр желілерін өткізуге немесе сатуға, сенімгерлік басқаруға беруге немесе ақысыз негізде беруге ниет білдірген иелер электр желілерін кедергісіз беру үшін нормалары енгізілді. Заң деңгейінде энергия беруші компанияларға квалификациялық талаптар енгізілді. Бұл осы талаптарға сәйкес кемейтін компанияларды, оларға сәйкес келетін компанияларға қосылу арқылы ірілендіруге әкелуі тиіс», - деді Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ.