Алматының Алмалы ауданында орналасқан 5 қабатты үйдің тұрғындары ПИК иелеріне ашулы

Алматының Алмалы ауданында орналасқан 5 қабатты үйдің тұрғындары ПИК иелеріне ашулы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Көпқабатты үйдің көркі кетті. Алматының Алмалы ауданында орналасқан 5 қабатты үйдің тұрғындары бірнеше жылдан бері жөндеу жүргізілмеген баспаналарының қазіргі күйін айтып ашынды. Жаңбыр жауса, ескі шатырдан су сорғалайды. ПИК қызметіне төленетін қаржының қайда кететінін де білмейміз дейді. Амалы таусылған тұрғындар көмек сұрап, арнамыздың Уатсап нөмірімізге хабарласты.

Бұл үй қабырғасы осыдан 37 жыл бұрын қаланған. Содан бері шатыры күрделі жөндеу көрмеді дейді тұрғындар. Жауған жауын суы төбеден кіріп, төменгі қабаттарға дейін жетеді. Елена Давыденко тұрғын үй тұрғызылғалы осында тұрады.

«Үйге жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүргізіп тұруға мәжбүрмін. Оған қоса, баспананың шатырын бірнеше жыл бұрын өзіміз жөндедік. Алайда, ол алысқа бармай қайта сыр берді. Шатыр мәселесін ПИК төрайымы біледі. Бірақ оны жөндеп беруге асығар емес»,- деді Қала тұрғыны, Елена ДАВЫДЕНКО.

Тілендиев көшесінің бойындағы көпқабатты үй Алмаш пәтер иелері кооперативіне қарасты. Оның қазіргі басшысы осыдан 7 жыл бұрын тағайындалыпты. Алайда осы уақытқа дейін үйімізге ешқандай жөндеу жүргізбеді дейді жиналған жұрт. 

«Алмаш пәтер иелері кооперативіне 10 үй қарайды. Барлық пәтер иелері ай сайын үйді күтуге қаржы беріп отырады. Барлығын есептесек, ол қыруар қаржы. Сол ақшаға бір үйді болса да ретке келтіруге болады ғой. Бірақ ешбіріне жөндеу жүргізілмеген»,- деді Қала тұрғыны, Любовь ПОПОВА.

Пәтер иелері кооператив төрайымының қызметіне көңілі толмаған тұрғындар өткен жылы тұрғын үй және тұрғын инспекциясы басқармасына шағымданған. Мамандар арыз түскен уақыттан бастап ПИК қызметін тексеруге кіріскен. Тексеру барысында бірнеше олқылық анықталыпты. Бірақ, осы уақытқа дейін оның жартысынан көбі орындалмаған да. 

«Былтырғы жылдың соңғы айында желтоқсан айында екінші рет тексеріп, сол кезде анықталды. Кондоминимум бойынша жұмыс жүргізілмеген. Тіркелген, тіркелмегені туралы. Ай сайын төлейтін төлемдері жалпы жиналыста қарасытырылмаған. Сервистік қызмет көрсететін компаниялар жалпы жиналыста қарастырылмаған. Сол бойынша ол толық орындалмағандықтан оны біз сотқа берген болатынбыз»,- деді Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы бөлімінің басшысы, Жандос ҚАЙЫРХАНОВ. 

Тұрғындардың шағымы бойынша ПИК төрайымына қатысты іс қазір мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотта қаралып жатыр. Одан бөлек, осы жылдың екінші жарты жылдығында Алмаш пәтер иелері кооперативіне кешенді тексеру жұмысы жүргізілмек. Атап өтерлігі, биыл қаладағы ПИК қызметін тексеру жұмысы 4 есе артыпты. 

«Егер былтырғы жылы 144 тексеру жүргізілген болса, қазіргі осы 4 айдың ішінде біз 84 КСК-ға тексеру жүргіздік. Тағы да биыл жылдың соңына дейін 250-300 тексеруге дейін болады деп жоспарлап отырмыз»,- деді Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы бөлімінің басшысы, Жандос ҚАЙЫРХАНОВ.  

Алматы қаласында 824 пәтер иелері кооперативі жұмыс істейді. Олар қаладағы 8067 көппәтерлі тұрғын үйге қызмет көрсетеді. Осы жылдан бастап қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы пәтер иелері кооперативіне арналған жеке портал іске қосты.

Перизат Көмекбайқызы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров