Алматыда тағы бір бала сату дерегі тіркелді. 22 жастағы көкек ана жаңа туған сәбиін таныстарына 2 мың долларға сатпақ болыпты. Алайда, арам ойы жүзеге аспады. Анықталғаны - Қызылорда өңірінен келген әлгі әйел тұрмыс құрған, 2 баласы бар екен. Сорақысы сол - бірнеше жылдан бері жөзекшелікпен айналысқан. Қаражатты көксеген ол, жатырдағы баласын туған бойда сатып, пайдаға кенелуді көздепті. Полицейлер сатып алушының орнында болып, қылмыс кезінде күдіктіні бірден тұтқындады.
«Тұрақты мекен-жайлары жоқ. Жөзекшеліктен басқа, қандай да бір іспен айналыспаған. Ол өз баласын сатамын деп, өзінің таныстарына осыдан 2-3 апта бұрын жариялаған екен. Шұғыл ақпарат бізге жеткен соң, полицейлер арнайы операция құрды»,- деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі, Салтанат ӘЗІРБЕК.
Аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары басталды. Күдікті осы қылмысы үшін 10 жылға дейін абақтыға жабылуы мүмкін. Ал, саудаға салынған бала қазір сәбилер үйінде. Айта кетейік, бала сату дерегі Алматыда биыл бірінші рет тіркеліп отыр. Өткен жылы мұндай жайттың екеуі болған.
«Қазіргі таңда бала сәбилер үйінде. Күдікті әйел сөзсіз ата-ана құқығынан айырылады. Ал, қалған балаларының тағдырын уақыт көрсетеді»,- деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі, Салтанат ӘЗІРБЕК.