Алматыда ғалымдар бір ғасыр бойы іздеген «Абай» журналының соңғы саны табылды

Алматыда ғалымдар бір ғасыр бойы іздеген «Абай» журналының соңғы саны табылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда ғалымдар бір ғасыр бойы іздеген «Абай» журналының соңғы саны табылды. Құнды басылым қаладағы мұрағаттардың бірінен анықталған. Онда Мұхтар Әуезов пен Шәріп Ақпанның мақалалары, Абай мен Мағжанның  өлеңдері, сондай-ақ сол кездегі мұқым елге танымал қаламгерлердің еңбектері жарияланыпты. Жұмбақ журнал жуырда кітап болып жарыққа шықпақ.

Алтын Ақынбекова - ұзақ жыл радиода қызмет атқарған. Соңғы кезде ғылымға бет бұрыпты. Өткен ғасыр басындағы қазақ басылымдарына аңсары ауып, тың тақырыпты қаузауға көшеді. Еліміздің әр өңіріндегі кітапхана мен мұрағат атаулыны түгел тінтіп шыққан. Табандылығы болар, құнды журналды табады түбінде.  

«Мұхтар Әуезовтың мұражайы есіме түсті. Сол жерге тартты. Барып қарасам, сөреде «Абай» журналының 12-ші нөмірі тұрды. Таң қалдым, қуандым. Өз-өзіме сенбедім шынымды айтсам. Сөйтіп, бірден жетекшіме хабарластым», - деді PHD-докторант Алтын АҚЫНБЕКОВА.

«Абай» журналы Семейде 1918 жылы жарық көрген. Осыған дейін 11 саны оқырман қолына тиіпті. Бірақ соңғы шығарылымынан хабары барлар бірен-саран. Басылым табылған бойда, ол хатым тілінен дереу кирилге тәржімаланады. Көне тілден жаңасына аудару үшін 1 айға жуық уақыт кетіпті. Арасында танымал авторлардың ел білмейтін шығармалары да бар екен.  

«Бұл жердегі жазушылар, яғни авторлар сөздерді жазар кезде, өздері білетін араб тілінде таңбалаған. Негізінен, логикалық жақтан, ой жеткізу жағынан, сөйлемді бейнелеу жағынан қатты айырмашылық жоқ. Бірақ кейбір сөздерде 2 түрлі таңбалаған кездер кезікті», - деді әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ журналистика факультетінің оқытушысы Жәнібек ҒАЛЫМ.

«Абай» - әдеби журнал болған. Оны жергілікті серіктестік қаржыландырып келіпті. Сол кездің өзінде-ақ тұрақты 900 оқырманы болған деседі. Мұқабасы қарапайым, 20 беттен тұрады. Бас редакторы - Жүсіпбек Аймауытов. Басылымда әңгіме-хикаяттар, Мұхтар Әуезовтың мақалалары, Абай мен Мағжанның тың өлеңдері жарияланып тұрған. Одан бөлек, авторлар әдебиетте қағажу қалған жайттарды да қаламдарына арқау етіпті.

«Мұхтар Әуезовтың «Өліп, таусылу» деген мақаласы журналдың бірінші бетіне жарияланған екен. Одан кейін, Шәріп Ақпанұлының «Ғашықтық» деген ғылыми зерттеуі бар. Өте көркем, шымыр жазылған шығармалар», - деді PHD-докторант Алтын АҚЫНБЕКОВА.

Табылған журнал жуырда кітап болып жарыққа шықпақ. Ұлттық университет басшылығы көне басылымды 100 данамен шығаруды көздеп отыр.

Дастан Сейілханұлы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы  


Новости партнеров