Алматылықтардың назарына дүбірлі додада түсірілген суреттер ұсынылды

Алматылықтардың назарына дүбірлі додада түсірілген суреттер ұсынылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Универсиада сәттері. Алматылықтар мен қала қонақтарының назарына дүбірлі додада түсірілген суреттер ұсынылды. Бұл «Алматы музейі» мен Алматы қаласы әкімшілігінің «Спорт әлемді біріктіреді» фестивалінің аясында ұйымдастырылып отыр. 7 ақпаннан бастап қалың көпшілікке жол тартқан фотокөрмеге 80-нен астам суреттер қойылған.

Бәсекеге толы күрес эмоциясы, командалық рух, жеңістің тәтті дәмі мен жеңілістің күйзелісі, жанкүйерлердің қобалжуы. Мұның барлығы осы фотокөрмеде суреттермен көрсетілген. Универсиада ойындары кезінде үш фотограф қас қағым сәттің барлығын қалт жібермей түсіріп отырыпты. Оның нәтижесі ретінде көрмеге қойылған 81 суретті айтуға болады. Тамашалауға келген қонақтар да ерекше әсер алғанын жасырмады.

«Мұндағы суреттерден ерекше әсер алдым. Спортшылардың трамплиннен секіргенін суретке түсіру, меніңше, кез келген фотографтың қолынан келе бермейді. Алматы музейінің өзі тарихи ғимарат. Бұрын бұл нысан медициналық училище болатын. Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі осы мұражайды ашып берген еді. Алматы қаласының өз музейі болған керемет қой», - деді  Алматы қаласының тұрғыны Ләйлә ӘДІЛОВА.

Көрме аяқталғаннан кейін фототуындылар Универсиада ойындары өткен спорттық нысандардың біріне жөнелтілуі мүмкін. Дүбірлі дода кезінде фотографтар 5 мыңнан аса сурет түсірген. Ал авторлардың айтуынша, осы суреттерді іріктеу барысында біршама қиындықтар кездесіпті.  

«Сол кездегі сәтті түсірерде, одан көз алмай, айналаңды көрмейсің. Бір суретті түсіру үшін бар күшіңді саласың. Үш фотограф өз фотосуреттерімізді осы көрмеге ұсындық. Барлығы тез болды. Алғашқы 4 күнде суреттерді түсіріп, 1 күн сұрыптап, ақпанның 7-сі күні көрмені ұйымдастырдық. Дегенмен, 5 мыңға жуық суреттің ішінен таңдаулысын таңдап алу қиынның қиыны», - деді фотограф Руслан ТАГАЕВ.

Айта кетейін, бұл көрме Алматы қаласының әкімдігі мен Алматы музейінің бірлескен жобасы. Бұдан бөлек, Универсиада-2017 мәдени бағдарламасының «Спорт - әлемді біріктіреді» фестивалінің бір бөлігі десек те болады. Аталмыш көрме 7-ші ақпанда бастау алған. Ол 17 ақпанға дейін жалғасын табады. Мұнда келген қонақтар мен алматылықтар суреттерді тамашалауда Универсиада кезіндегі сәттерден әсер алуына толықтай мүмкіндік бар.

Азамат Әуезхан, Әсет Құндақпаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров