Алматыда Жамбыл атындағы кітапхана жаңа кейіпке енді

27.04.2018 03:19

Алматыда қайта жөндеуден өткен Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы оқырмандарға есігін айқара ашты. 1976 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген кітапхана жаңа кейіпке енді. Заманауи стильде жасалған ғимаратты қала әкімі Бауыржан Байбек те көріп шықты.

Кітапханаға аттап кіргеннен-ақ ерекше орындықтары, сапалы жарығы мен дизайны баурап алады. Тіпті, кітаптардың орналасуының өзі айрықша. Осыдан болар, алғашқы күні-ақ кітап оқып отырған жастар көп.

Модернизациядан өткен кітапханаға жоғары жылдамдықтағы WI-FI қосылған. Оқырмандар үшін қордағы кітаптар мен мақалалар тізімінің электронды базасы енгізілген компьютерлер бар. Айта кетейін, мұнда бір мезетте 400-ден аса адам отырып өзіне қажетті ақпарат ала алады. Қазірдің өзінде кітапханаға 15 мыңдай оқырман тіркелген. Жаңарған мәдени орынды аралап көрген қала әкімі де өз таңданысын жасырмай, жастардың білімін толықтырып, әрі бас қосатын жайлы жері болатынына сенім білдірді.

«Енді негізгі мақсат-ашық түрде жұмыс істеу, жаңа технологияларды тарту, бәріне жағдай жасау. Біз қазір жүйе жасадық қой? Интернет арқылы да бәрін жинауға болады, цифрландыру дейміз ғой. Екінші сұрақ, әрине, ол «Рухани жаңғыру». Біз қазір саяси, экономикалық реформа дейміз бірақ, рухани жаңғырусыз ештеңе де болмайды», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы «Қазақстан-2050» стартегиясын қолдаушылар» қоғамдық қорының қаржысымен қайта жөнделді. Модернизациялау барысында жеткіншектердің қызығушылығын ояту үшін әр кітаптың орны мен орындықтардың түсіне дейін мән бердік, дейді демеуші.

«Реконструкцияны жасаған кезде осы кітапхананың негізін бұзып, қайтадан жаңарттық. Оның ішінде коммуникация бар, жаңадан интернет қостық, өте көлемі үлкен. Мына жобаға - 145 млн теңгеден астам қаржы кетті», - ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» стартегиясын қолдаушылар» қоғамдық қорының президенті Ерболат ҚАСЫМОВ.

Жоба авторлары- жастар. Идея иесі Камиланың айтуынша, шетелдік жобаларға қарап шабыт алған. Екі үлкен залға бөлінген кітапхананың бір жағы - тыныш аймақ. Мұнда сізге ешкім кедергі келтірмейді. Тіпті, бөлек отыратын арнайы орында бар. Ал екінші бөлігі белсенді оқырмандарға арналған. Яғни, жұппен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін конференц зал, презентация өткізуге болатын медиатека жасалған.

«Кітапхананы жаңғырту жобасы аясында біз жастардың кітап оқуына ыңғайлы, әрі бос аймақтың көбірек болуына мән бердік. Заманауи технологияларды кітаппен байланыстыруға тырыстық. Коуеркинг стилінде жасалғандықтан, келушілер тек қана кітап оқымай, өз жобаларын да талқыласа болады», - деді  жоба авторы Камила ЛҰҚПАНОВА.

Мұнда 360 мыңдай кітап қойылған. Ерекшелігі сол - ағылшын және өзге де шет тілдеріндегі көркем әдебиет қоры бар. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Ресей басылымдары күнделіктері келіп тұрады. Студенттерге арналған кәсіби журналдар тағы бар. Жалпы, бұл жасөспірімдерге арналған кітапхана болғандықтан, мұнда орындықтардан бөлек жұмсақ пуфиктерге жантайып та кітап оқуға болады.

Жылына 500 мыңдай оқырманға қызмет көрсетуге қауқары бар бұл кітапxана таңғы сағат 9.00-ден кешкі 22.00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді.


Тоғжан Аман, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы