Еуразиялық экономикалық Одақ елдерінің 2018 жылы күшіне енетін ортақ Кедендік Кодексі шекарадағы бейберкет тауар айналымын реттейтін құжат. Демек, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы кедендік бекетте қалыптасқан жағдайды оңалтуға септеседі. «Жаңа кодекс Еуразиялық Экономикалық Одақ құрамындағы барлық мемлекеттерді тәртіпке, тауар айналымының ашық болуына бағындырады», - деді қазақстандық және ресейлік депутаттары. Астанада өткен форумда. Айта кетейік, Еуразиялық Экономикалық Одақ аумағына ағылған заңсыз импорттан келетін шығынды болдырмау мақсатында 10-қазанда Қазақстан Қырғыз республикасымен арада кедендік бақылауды күшейткені мәлім.
«Ресей тарапы Қазақстанның да және өзге де мемлекеттердің ұстанымын қолдайды. Яғни, біздегі барлық өзара әрекет ашық және әділ болуы тиіс. Егер бір тарап заңбұзушылыққа жол берсе, онда жазадан қашып құтылмайды. Бұл тек Қазақстан мен Қырғыз шекарасын ғана қамтып отырған жоқ. Естеріңізде болар, Ресей, Белорусия тауарларына шектеу қойған сәтте, беларусь өндірушісі деген атаумен бізге шетелдіктер өз тауарларын тықпалай бастады. Бірақ, ол өнімдер Белорусь елінде өндірілмегені анық еді», - деді РФ думасының тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс істері комитеті төрағасының орынбасары Виктор ВОДОЛАЦКИЙ.
Қазақстан және Ресей депутаттары бүгін өзге де ортақ мәселелерді көтерді. Екі ел қалаулылары сонымен қатар, әлем назарын аударған Сирия мәселесі, Ауғанстандағы жағдай мен ланкестік әрекеттермен күресу жолдарын талқылады. Айта кетейік, Елордада бүгін Сирия жағдайын шешу бойынша 7 -ші раунд басталды. Алғашқы күн жабық есік форматында өтті. Бұл жолғы бас қосуда кепілге алынған азаматтар мен тұтқындарды босату, әрі бақилық болғандардың денесін қайтару жөнінде келіссөз жүргізіледі деп күтілуде. Нақты шешім ертең белгілі болады. Осыған дейінгі соңғы кездесу нәтижелі болған еді. Демек, Сирия оппозициясы сөзге келіп, аталмыш елдің бірнеше аудандарында деэскалация аймақтары құрылған болатын.