Құжатты талқылауға Жоғарғы Кеңестің 360 депутаты қатысты
25 қазан – ең әуелі, тарихи әділеттілік орнаған күн. Ол – Тәуелсіздікке бастар жолдағы негізгі қадам. Отыз үш жыл бұрын Республиканың «ҚазКСР мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы» қабылданды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жоғарғы Кеңестің 360 депутаты елдің егемендігіне бастар негізгі құжатын талқыға салуды 15 қазанда-ақ бастап кеткен. Мәтінді дайындау жаз бойы жүреді. Бірі – ұлттық, екіншісі – азаматтық-демократиялық мемлекет құруды көксеген қос құжат мәреге жетеді. Үкімет үйінде таңертең басталған сессия 6 сағатқа созылған. Қып-қызыл талқыға түскен құжатқа түске дейін 27, түстен кейін 58 депутат орынды-орынсыз ұсыныс айтып, өзгерту енгізбек болады.
– Депутаттар арасында Одақсыз күн көре алмайтынын, жеке мемлекет құру мүмкін емес екенін айтқандар көп болды. Бірақ 90 пайыз дауыспен декларация қабылданды. Сол сәтте қуанғанымыз сонша, бас киімді лақтырып, қол шапалақтап, сыртқа шығып кеттік, – деді заң ғылымдарының докторы, профессор Салахиден Сәбікенов.
Сессияның тартысты өткенін айттық. Ұлттық мемлекет құру жолындағы құжатқа сол жиында 360 депутаттың 71-і қарсы дауыс береді. 1990 жылы 25 қазанда сағат 18:55-те елдің «ҚазКСР мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы» қабылданады.
– Егемендік туралы Декларация – тәуелсіздікке барар жолдағы ірі қадам. Бірақ тәуелсіздік деген сөз емес. Бұрынғы Қазақстанмен салыстырғанда, декларацияны қабылдаған Қазақстанның жер мен көктей айырмашылығы болды. Бұрын қазақ жеріндегі экономикалық әлеуеттің 93 пайызы Мәскеуге бағынатын. Ал кейін бәрі Қазақстанда қалатын болды, – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов.
– Декларацияда жеке мемлекет болудың атрибуттары, архитектоникасы көрінді. Мәселен ел, жер, тіл, дін, мектеп, азаматтық, жер қойнаулары, су көздерінің бәрі – халық еншісі екенін паш етілді, – деді мемлекет және қоғам қайраткері Уәлихан Қалижан.
Ұлттық ұлы құжаты – декларацияда Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті мен халықаралық қатынастардағы дербестігі, аумағының тұтастығы, демократиялық-зайырлы бағдары, мемлекеттік рәміздері саяси һәм құқықтық тұрғыдан бекітілген еді. Декларация тәуелсіздік туралы заңның әліппесіне айналды.
– Егемендікті жариялаған күн – декларация, тәуелсіздікті жариялаған күн – заң. Алайда декларация болмаса, заң шықпайды. Бір нәрсенің авторы болады ғой. Қазақша айтсақ, біреуі – әкесі, біреуі – шешесі. Республика күні бала сияқты, – деді мемлекет және қоғам қайраткері Асқар Жұмаділдаев
Тәуелсіздіктің қос қанатындай болған екі құжаттың әуелгісі 33 жыл бұрын қазақ жұртының қуанышына айналған еді. 2022 жылы 16 маусымында ел азаматтары Республика күнімен қайта қауышты, елдікті айшықтаған күнді «Ұлттық мереке» есебінде қарсы алды. Бұл – тарихты түгендеу, өткенді жаңғырту.
Мадина Оқас, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда бүгін қандай іс-шаралар өтеді