Президент бүгінгі жолдауында елімізді азаматтық қоғамы қалыптасқан мемлекетке айналдырамыз деп үлкен сеніммен айтты
Жаңа Қазақстанды құру ісі адал әрі еркін саяси бәсеке болуын қамтамасыз етуден басталады. Президент бүгінгі жолдауында елімізді азаматтық қоғамы қалыптасқан мемлекетке айналдырамыз деп үлкен сеніммен айтты. Бұл ретте бабаларымыз ел тағдырын айқындайтын тарихи шешімдерді бүкіл халық болып ақылдасып, бірге қабылдағанын тілге тиек етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Келелі жиында айтылған кесімді сөзге алты Алаштың баласы түгел тоқтаған. «Біз бірліктің бастауы болған осы дала демократиясының дәстүрін жаңғыртуымыз керек» деді Президент.
«Тарих тереңіне үңілетін болсақ, әйгілі Үштөбеде: Мәртөбе, Күлтөбе және Ордабасыда сонау ықылым заманнан елдің негізгі проблемалары шешіліп отыр. Дала парламентінде өзекті мәселелер, халықтың негізгі проблемалары шешілді. Дәл бүгінгі сәтте Ұлттық құрылтай сынды мәселенің көтерілуі көп көмегін тигізетіні анық. Себебі, ол билік пен халық арасындағы байланыс, дәнекер, алтын көпір болмақ», - деді Ө. Байқоңыров атындағы институт директорының орынбасары Тілепбай Қуандықов.
Сондай-ақ алдағы уақытта ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз деген Президент бұл ретте де нақты бастамалар көтерді. Елімізде Жетісу, Абай және Ұлытау деп аталатын аудандарды құру туралы ұсынысы осының айқын дәлелі. Жетісу ауданының орталығы болып саналатын Қапшағай қаласының атауына Қонаевтың есімін беру керек деген ұсыныс айтылса, қолдайтынын жеткізді.
«Президентіміз Жетісу, Абай және Ұлытау деген тарихи атаулар ҚР-ның азаматтарының санасында мәңгілік жаңғырып тұруы керек деп айтты. Бұл бәрімізге ұлттық рух, күш сыйлайтыны анық. Сонымен бірге Қапшағай атауын Қонаевтың атына ауыстыруды айтты. Қазақстан Республикасы аумағында 44 қала салдырған ұлт көшбасшысы Қонаевтың атын беретін болса, біз қуанамыз», - деді Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің зертхана жетекшісі Сейітхан Азатұлы.