Ол «AMANAT» партиясының алдағы уақытта ел игілі үшін аянбай еңбек етуі қажет екенін атап өтті
Заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда, партияның өзгеруі – заңдылық. Бұл – уақыт талабы. Алматы қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясының депутаты Болат Садықов осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«1 наурыз – партияның құрылған күні. 23 жыл бұрын еліміздегі ең басты саяси ұйымның негізі қаланды. Партия халықты ортақ мақсатқа жұмылдырды. Қоғамға пайдалы көптеген бастамалар көтеріп, сайлаушылардың қолдауына ие болды.
«AMANAT» партиясы алғашқы құрылған күннен бастап тың бастамалар көтеріп, жауапты шешімдер қабылдауға ұйытқы болып қана қоймай, елмен етене қайнасып, халықтың мүддесін қорғайтын бірден-бір қоғамдық ұйымға айналды», - деді Болат Садықов.
Ол сондай-ақ «AMANAT» партиясы бүгінде өзін халықтық партия екенін сөзбен ғана емес, тындырымды ісімен де дәлелдеп келетініне, әлі де алдағы уақытта ел игілі үшін аянбай еңбек етуі қажет екенін атап өтті.
«Бүгін де «AMANAT» партиясы жауапты саяси күш ретінде барлық қиындықтар мен сынақтарды халықпен бірге бөлісіп, еліміз үшін күрделі әрі өмірлік маңызы бар шешімдер қабылдады. Президентіміз, партия Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлының басшылығымен жаңғырудың 7 негізгі басымдықтары бекітілді. Партия мемлекетті дамытуға, оны озық елдердің қатарына қосуға, халық тұрмысын жақсартуға күш салатынына сенімдіміз!
Заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда, партияның өзгеруі – заңдылық. Бұл – уақыт талабы. Осыған орай, партияның атауы «AMANAT» деп өзгертілді. Бұл ұғым біздің халқымыз үшін аса қастерлі. «Жаңа Қазақстанды» құру жолындағы бірлескен еңбегіміз берекелі болсын!», - деді Б. Садықов.