Саяси партия өкілдері ғана емес, қалың көпшілік те өзгеріс күтеді – сарапшылар

Almaty.tv
Almaty.tv
Бас партия съезінде президент әр өкілдің қоғамдық талқылау мен ашық пікірсайысқа бейімделуі керек екенін баса айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Барлық деңгейдегі партия депутаттарының рейтингі нақты істерді шешуге бағытталуы тиіс». Саяси ұйымның кезектен тыс өткен ХХІІ съезінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президент «Ребрединг дегеніміз – партияның атын ғана өзгерту емес!» дей келе, жалпы жұмысты түбегейлі трансформациялау керек екенін айтып, нақты тапсырма берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елдегі бас партияның кезектен тыс өткен ХХІІ съезінде президент әр өкілдің қоғамдық талқылау мен ашық пікірсайысқа бейімделуі керек екенін баса айтты. «Партия депутаттарының рейтингі дайындалған есепке бағытталмауы тиіс» деген мемлекет басшысы партияластарынан тың ұсыныс күтетінін жеткізді.

«Қаңтар оқиғасынан кейін тек саяси партия өкілдері ғана емес, қалың көпшілік те өзгеріс күтіп отыр және бұл реформалар ең бірінші кезекте саясатта болуы тиіс. Мемлекет басшысының да айтқаны осы. Экономиканы немесе басқа да саланы өзгертеміз десек, алдымен өзімізден бастауымыз керек», - деді «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Арман Жұмаділ.

Партиялар арасында бәсеке күшейіп жатыр. Бұл ретте бас саяси ұйымның негізгі күш ретіндегі рөлі сақталуы керек екені де айтылды. Халықтың билік өкілдеріне деген сенімін күшейту қажет деген Президент жақын уақытта аудан әкімдерін тікелей сайлаудың басталатынын да жеткізді. Ал партия нағыз халықтық ұйым болуы үшін барлық реформа Жаңа Қазақстанда жүзеге асуы керек.

«Жаңа Қазақстан атты бағытты қолдап, ары қарай дамыту үшін әрине, өткеніміздегі ең ірі проблемалық мәселелерді шешуге арналған үлкен реформаларымызды ары қарай жалғастыруымыз керек. Бұл жерде саяси, реформалық сабақтастықтың барлығы болады деп ойлаймын», - деді саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Жомарт Симтиков.

Жиында сондай-ақ еліміздегі кадр мәселесі де қозғалды. Саяси менеджерлерді дайындау ісі ақсап тұр деген ел президенті әлеуметтік лифтінің жоқтығын сынға алды. Жас, қабілетті жастарға жол берілуі керек екені баса айтылды.

«Халық – Жаңа Қазақстан. Жаңа Қазақстанда жастарға көңіл бөлінуі керек. Жаңа Қазақстанда жастарға қолдау керек», - деді Nur Оtan партиясы Бостандық аудандық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Бекежан Тоққожаев.

«Бүкіл экономиканы, бәрін инновацияға айналдыру керек. Бізде 18 саланы түгелдей қамтығанда ғана инновация дамиды. Инновация – жылына орташа 30 пайыз өсім беретін жалғыз сала», - деді Халықаралық адам институтының президенті Жанұзақ Әкім.

Айта кетейік, 16 наурызда мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев жаңа саяси реформа ұсынады. Жоғарыда айтылған міндеттерді барынша қысқа мерзімде жүзеге асыру керек деген президент аманатқа қиянат жасамауды шегелеп тапсырды.

Мадина Оқас, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров