Дөңгелек үстелде жолдау жүктеген міндеттерді тиімді жүзеге асыру жолдары сөз болды
Жаңа Қазақстан – еліміздегі барлық адамға тең мүмкіндік береді, экономика мен саясаттағы жасанды монополияларды жоюға септеседі. Бүгін Ғылым ордасында бірнеше университет ректорлары мен ғалымдар жолдауды талқылау барысында осындай ой білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дөңгелек үстелде жолдау жүктеген міндеттерді тиімді жүзеге асыру жолдары сөз болды. Экономист Әзімхан Сатыбалдиннің айтуынша, елімізде конституциялық соттың құрылуы жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың жолын кесуге мүмкіндік береді.
«Елімізде сайлау жүйесі өзгерейін деп жатыр. Сондай-ақ Мәжілістің рөлі көтеріледі. Осының бәрі адамның көңілінен шығады. Себебі саяси реформа бір ғана Президенттің билігін қысқартумен шектелмейді. Сонымен бірге конституциялық сот пайда болайын деп жатыр. Бұл біздің дамыған елдердің қатарына қайтадан оралдық деген сөз. Түбегейлі осының бәрін қарасақ, бұл өте маңызды, көп мәселені шешетін Жолдау болды. Мұндай Жолдау қазақтың тарихында болған жоқ», - деді Ұлттық ғылым академиясының академигі Әзімхан Сатыбалдин.