Алматының Медеу ауданы Наурыз мейрамын кең көлемде атап өтіп жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Араға екі жыл салып, мерекелік шарада бас қосқан қала тұрғындарының көңілі шат-шадыман
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Наурыз – Ұлық мейрам. Күн мен түн теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген мейрам Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды. Бұл мейрам – халқымыздың, егемендігіміздің ең негізгі тамырының бірі. Бұл күні Наурыз көже пісіріліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Осындай бір тамаша мерекелік шара Алматының Медеу ауданында да ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Ұлыстың ұлы күні – табиғаттың жаңаша түрленетін кезі. Жер бетіндегі тіршілік оянып, көк шығатын мезгіл. Қазақ үшін қастерлі Наурыз мейрамын Медеу ауданы да кең көлемде атап өтті. Алаңға ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, той-думанға ұласты. Араға екі жыл салып, осындай мерекелік шарада бас қосқан қала тұрғындарының көңілі шат-шадыман.

«Өздеріңіз көріп отырғандай, Медеу ауданы әкім аппаратының ұйымдастыруымен Наурыз мейрамы ұйымдастырылып жатыр. Қазір мұнда 8 киіз үй тігілген. Әрқайсының Бірлік үйі, Мерейлі, Медеу секілді өз аттары бар. Наурыз құтты болсын!», - деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нұрлыбаев.

Тұрғындар қыстан аман шығып, бір-бірімен көрісіп, қуанып жатыр. Бұл күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады. Бәрі бірігіп суретке түсіп, мәре-сәре. Қала тұрғындары мен қонақтарының тілегі бір. Қай-қайсысы болмасын, елінің амандығы мен тыныштығын, бейбіт өмір тілейді.

«Мейрамдары құтты болсын барлығымызға бақыт береке болсын», «Құрметті қазақстандықтар, отандастарым. Бүгінгі ұлыстың Ұлы күні наурыз мерекесі құтты болсын. Дендеріңізге саулық тілейміз. Отбасыларыңызға амандық, елімізге береке тілеймін», «Екі жылдық үзілістен кейін Наурыз мерекесінің қайта оралғанына қуаныштымыз. Біз Медеу ауданы мектеп директорлары, бала-бақша меңгерушілері өзіміздің киіз үйімізді құрып қойдық. Дастарханымызды жайып, бәріңізді Наурыз көжеге, бауырсаққа, қазы-қартаға шақырамыз», - десті қала тұрғындары.

Сондай-ақ мереке қарсаңында түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері өздерінің ұлттық тағамдарын дайындап, көрме ұйымдастырды.

«Мынау санза, мерекелік хворст дейміз ғой, соны ұйғырша санза деп айтады. Жұта нан да бар, орама ғой, соны бізде жұта нан дейміз», «Бұрын біздің ата-бабаларымыз осындай қабақтан шәй ішетін еді, су ішетін еді. Қазақтарда ожау дейді, бізде қабақ деп аталады», «Мынау біздің өзбектердің ұлттық тақиялары қыз балаларға арналған бұл. Бұлардың барлығы қолдан жасалған», - дейді көрмеде тұрған өзге ұлт өкілдері.

Ұлыстың Ұлы күнінде қазақ халқы бір-біріне құрмет көрсеткен, бір-біріне әбес сөйлемеген, жоқ-жітікке көмек көрсеткен. Себебі, халық арасында дәл осы күні үй-үйді Қызыр аралайды деген сенім бар. Мұндағы атмосфера ерекше. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, той-думанға ұласты. Мұндай көрністі қала тұрғындары мен қала қонақтары әбден сағынған. Мұндай шараға деген сағыныштың лебі байқалады.  

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров